ҚазАвтоЖол Астана-Көкшетау жолындағы жантүршігерлік жол апатының себебін атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ бірнеше көлік соқтығысып, 4 адам мерт болған «Астана-Көкшетау» тас жолындағы көлік апатына орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Ұлттық компанияға қарасты Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы директорының бірінші орынбасары Асхат Оқасов агенттік тілшісіне берген сұхбатында «Тас жолдарда қозғалысқа шектеу қою және жабу туралы» ережеге сәйкес жол учаскесін жабу туралы шешім жол полициясымен және құтқарушылармен бірлесе отырып қабылданатындығын баса айтты.

«Кешегі жол-көлік апаты ауа райының нашарлауынан, көру деңгейінің төмен болуынан орын алды. Дәл сол сәтте ауа райы нашарлап кеткен еді. Мұны өздеріңіз де ауа райы туралы мәліметтерден тексере аласыздар. Циклон Щучьеден Астанаға қарай жүрген. Автобус жүріп келе жатқан сәтте көріну деңгейі нашарлап кетті және біз қозғалысты жабу туралы шешім қабылдадық», - деді Асхат Оқасов.

Бұл ретте ол жол апатына адами факторлардың да әсер етуі мүмкіндігін жоққа шығармайды. Оның атап өтуінше, кешегі боран ағымдағы жылы ең бірінші рет болып отыр және автомобиль жүргізушілері өздеріне сенімділік танытқан.

«Біз жол полициясымен жол-көлік апаты себебін талқыладық. Адамдар дағдыланып үлгермеген, себебі бұл алғашқы боран болатын. Өздеріңіз де байқасаңыздар, көріну деңгейі нашарлаған сәтте адамдар сағатына 30-40, ары кетсе 70 шақырым жылдамдықпен жүреді. Ал ол жердегі соққыдан жылдамдықтың өте жоғары болғандығын байқауға болады», - деп түсіндіреді Оқасов.

Сонымен қатар ұлттық компания өкілі автобус жүргізушісінің жолдан шаршап келе жатуы мүмкін екендігін де атап өтті.

«Автобус жүргізушісінің демалып алуға уақыты болғандығына күдігім бар. Ол ақылы учаскеге Щучьеден келе жатып таңғы сағат 7-де түскен. Сағат нешеде тұрды, нешеде жатты, тіпті жүргізуші демалды ма? Мүмкін ол қажыған шығар. Қазір себептерін тергеу анықтайтын болады. Бұл ретте мен ештеңе айта алмаймын», - деді ол.

Оқасовтың айтуынша, жол 100 метрге дейін көрініп тұрған жағдайда жабылмайды. Ол жабылатын болса азаматтар тарабынан наразылық жиілеп кетеді. сондықтан жолдардың нашар көрінетіндігін ғана хабарлап отырады.

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында «Астана-Көкшетау» тас жолының бойында 4 адамның өмірін қиған жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған едік.

 

Соңғы жаңалықтар