«ҚазАвтоЖол» мердігер ұйымдарды алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мердігер, қосалқы мердігер ұйымдар мен әлеуетті жеткізушілерді үшінші тұлғалар тарапынан жасалып жатқан алаяқтық әрекеттер туралы ескертті.
Компанияға келіп түскен ақпаратқа сәйкес, белгісіз адамдар мердігер ұйымдардың өкілдерімен байланысқа шығып, өздерін «делдал» ретінде таныстырып жүр. Олар ұлттық компанияда байланыстары барын айтып, белгілі бір ақша сомасына жол жобаларын алуға, жұмыс көлемін бөлуге немесе сатып алу рәсімдерінің нәтижесіне ықпал етуге көмектесетінін уәде етеді.
— Кейбір жағдайларда мұндай адамдар жеке кездесулер ұйымдастырып, алдын ала ақша талап етеді. Сонымен қатар өз әрекеттері «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басшылығымен келісілгенін айтып, жалған ақпарат таратады, — делінген хабарламада.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ресми түрде мәлімдейді: аталған тұлғалардың компания қызметіне ешқандай қатысы жоқ. Компания басшылығы да, қызметкерлері де үшінші тұлғаларға келіссөз жүргізу, жобаларды алып беру, жеткізушілердің мүддесін ілгерілету немесе тендер нәтижесіне ықпал ету бойынша ешқандай өкілеттік бермеген.
— Барлық сатып алу рәсімдері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ашық әрі белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Конкурстар, қатысу шарттары, өтінім беру мерзімдері және сатып алу қорытындылары туралы ақпарат тек Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу веб-порталында жарияланады, — деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» компаниясынан.
«ҚазАвтоЖол» мұндай әрекеттерде алаяқтық, заңсыз делдалдық, сондай-ақ нарық қатысушыларын сыбайлас жемқорлық схемаларына тарту белгілері болуы мүмкін екенін ерекше ескертеді.
Мұндай заңсыз әрекеттерге қатысу «мәселені шешіп беремін» деп ақша сұрайтын тұлғаларға ғана емес, бейресми келісімге келіскен, қаражат берген немесе заңды рәсімдерден тыс артықшылық алуға тырысқан тұлғаларға да ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.
Ұлттық компанияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, алаяқтық схемаларды анықтау және сатып алу рәсімдерін заңсыз араласудан қорғау бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. Осындай фактілерге қатысты барлық өтініштер мен хабарламалар қаралады. Құқықбұзушылық белгілері анықталған жағдайда материалдар құзыретті органдарға жолданады.
— Компания мердігер және қосалқы мердігер ұйымдарды сақ болуға шақырады. Күмәнді адамдарға ақша бермеңіз, бейресми келіссөздерге қатыспаңыз және сатып алуға қатысты барлық ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеріңіз, — деп ескертті компаниядан.
«ҚазАвтоЖол» «көмек көрсетеміз», «жәрдемдесеміз», «мүддеңізді өткіземіз», «тендер нәтижесіне ықпал етеміз» немесе «жол жобасын ақшаға алып береміз» деген ұсыныстар түссе, бұл туралы дереу компанияның комплаенс-қызметіне хабарласу керегін сұрады.
Байланыс: жедел желі: +7 (717-26) 4-87-35, электрондық пошта: hotline@qaj.kz
Компания жол жобалары делдалдар, жеке келісімдер немесе алдын ала төлемдер арқылы бөлінбейді. Компания атынан «мәселені шешіп беремін» деген кез келген уәде — алаяқтық әрекет екенін ескертті. Мұндай фактілер заңда белгіленген тәртіппен тоқтатылады.
Бұған дейін «ҚазАвтоЖол» жол пайдаланушыларды экологиялық мәдениетті сақтауға шақырды.