KazHackStan 2026: Киберқауіпсіздік сарапшылары Астанада бас қосты

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Орталық Азиядағы киберқауіпсіздікке арналған ірі халықаралық конференция – KazHackStan 2026 басталды. Биылғы форумның негізгі тақырыбы – цифрлық инфрақұрылымның кибершабуылдарға төтеп беру қабілеті.

Киберқауіпсіздік сарапшылары Астанада бас қосты
Фото: Камила Мүлік / Kazinform

Конференцияға мемлекеттік органдардың өкілдері, отандық және шетелдік киберқауіпсіздік мамандары, студенттер мен оқушылар қатысып жатыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл шараға шамамен 10 мың адам келмек.

Қазақстанның цифрландыру қарқыны артқан сайын ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы да күшейіп отыр. Қазақстан БҰҰ-ның электронды мемлекеттік қызметтерді дамыту рейтингінде алғашқы ондыққа кіретін елдердің қатарында. Осыған байланысты цифрлық жүйелерді қорғау мәселесі мемлекеттік органдар үшін де маңызды бағыт болып отыр.

ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Бекболат Молдабековтің айтуынша, министрлік ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жаңа технологиялар мен үрдістерді тұрақты бақылауда ұстайды.

– Қазақстан цифрландыру бойынша алдыңғы қатарлы елдердің бірі. БҰҰ рейтингінде мемлекеттік қызметтер бойынша сегізінші орындамыз. Осы позицияны ұстап тұру және одан әрі жақсарту үшін ақпараттық қауіпсіздік өте маңызды. Сондықтан мұнда жаңа дүниелерді көруге, жаңа технологияларды зерттеуге келдім, – деді ол.

Оның айтуынша, форум барысында ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жаңа шешімдер, қауіп-қатерлер және олардан қорғану тәсілдері қарастырылады. Сондай-ақ шарада стартаптар мен жаңа технологиялық әзірлемелер таныстырылады.

– Біздегі ақпараттық қауіпсіздік басқармасы осы бағыттағы трендтерді, жаңа технологияларды тұрақты бақылап отырады. Мұнда ұсынылатын шешімдерді зерттеп, қажет болған жағдайда өз жұмысымызға енгізетін боламыз, – деді Бекболат Молдабеков.

KazHackStan ұйымдастырушысы, ЦАРКА вице-президенті Руслан Тургулдиновтің айтуынша, конференция 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұған дейін шара Алматыда ұйымдастырылса, биыл алғаш рет Астанаға көшірілген.

Руслан Тургулдинов
Фото: Камила Мүлік / Kazinform

– Биыл шамамен 10 мың қатысушы күтіп отырмыз. Сегіз жыл қатарынан конференцияға қатысушылар мен сарапшылар саны артып келеді. Мемлекеттік органдардың жоғары лауазымды өкілдерінен бастап студенттерге дейін әртүрлі аудитория қатысады, – деді Руслан Тургулдинов.

Оның айтуынша, конференцияның басты ерекшелігі – киберқауіпсіздік мәселелерін оқиғалар мен практикалық мысалдар арқылы талқылау.

Бірінші күні мемлекет мен бизнеске қатысты ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне басымдық берілсе, екінші күн техникалық тақырыптарға арналады. Сарапшылар кибершабуылдарды талдап, шабуылды қалай тоқтатқанын немесе белгілі бір жүйедегі осалдықты қалай анықтағанын түсіндіреді.

KazHackStan 2026 аясында оқушылар арасында да арнайы киберқауіпсіздік жарыстары ұйымдастырылып жатыр. Оның бірі – Қазақстан құрамасын халықаралық киберқауіпсіздік олимпиадасына іріктеу.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы финалдық кезеңнен өткен оқушылар келесі жыл бойы дайындықтан өтіп, 2027 жылы Италияда өтетін халықаралық олимпиадада Қазақстан атынан бақ сынайды.

Конференцияға Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, АҚШ және Еуропаның бірқатар елдерінен сарапшылар қатысып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін, Құрылтайда қылмыскерлерді мемлекетаралық іздеу және киберқылмыс тақырыбындағы жаңа келісімдер жайлы жазған едік.