Қажетті қолдау жасалса, «Буштың сирақтарын» нарықтан ысыруға әбден болады

анның 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  ‑ Дағдарыс жағдайында экономиканы сауықтыру үшін әрі соңғы жылдары қауіпсіздіктің негізгі бағытына айналған азық‑түлік мәселесін оңтайлы шешу үшін агроөнеркәсіптік кешенге баса назар салып, оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдауды арттыра беру маңызды болып отыр. Мемлекет басшысы да осы салаға қатысты бірқатар міндеттер жүктеген болатын.

Қажетті қолдау жасалса, «Буштың сирақтарын» нарықтан ысыруға әбден болады

 Ондағы басты бағыт ауыл шаруашылығы тауарларының импортқа тәуелділігін біртіндеп жою мен болашақтағы өсімді қалпына келтіру. Сондай-ақ, Елбасы инновациялық‑индустрияландырудың негізгі басымдығы ретінде агроөнеркәсіп кешенін және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді дамытуды  айқындап, бұл сектордың экономика мен экспортты әртараптандыруға нақты үлес қосатынын айтып еді. «Біздің міндетіміз 2015  жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы экспорт көлеміндегі үлесін 8 пайызға дейін жеткізу болып табылады. Агронеркәсіп кешенінің жиынтық қосымша құны ең жақын уақытта кемінде 16 пайызға ұлғайтылуы және 10 мыңнан астам жұмыс орындары ашылуы тиіс», деп атап өтті Н. Назарбаев. Осы мақсатта қазір ауыл шаруашылығының қарқынын үдету үшінгі шаралар қолға алына бастады. Парламент арқылы заңнамалық қамтамасыз етулер де жүзеге асуда. Дегенмен ұзақ жылдар бойы саланың қордаланған мәселелері бүгінгі мүддемізден шықпай, әлі де болса үлкен мемлекеттік көзқарасты талап етуде. Соның ішінде Қазақстанның құс шаруашылығы ерекше назар аударуды тілеп отырғаны шындық. Дағдарыс кезеңінде де, одан кейін де ішкі нарықтағы импортқа тәуелділіктен арылу негізгі міндет болса, құс шаруашылығындағы қолда бар қуатты дұрыс пайдаланудың өзі осы міндетке әжептәуір сеп болады екен.

 

Шындығында ниет күшті болса құс өсіру шаруашылығы ауыл шаруашылығының ішіндегі ең бір өнімді сала болып табылады. Мәселен, құс шаруашылығының басымдығы ретінде ұдайы өндірістің шапшаң қамтамасыз етілуін, тиімділіктің жоғары деңгейіне қол жеткізуді әрі өнімнің тоқтаусыз өтімділігін атасақ та жеткілікті.  Деректерге жүгінсек, Қазақстандағы фабрикаларда 1990 жылдары шамамен 60 млн. бас құс өсірілген. Ал одан бергі құлдыраудан кейінгі экономиканың өсе бастаған 2000 жылдарында құс  фабрикаларында  тек 15 млн. ғана құс қалыпты. Тек осы жылдың басындағы көрсеткіш 30 млн. құс басына жақындаған екен. Сонымен бірге, 2000 жылы Қазақстанға сырттан 20 мың тоннаға жуық құс еті сатып алынған. Одан кейінгі жылдары  бұл көрсеткіш жыл сайын 20-30 мың тоннаға дейін артып отырған. Осылайша, 2006 жылы Қазақстанға әкелінген құс еті 132 мың тоннаға жуықтапты. Яғни, 6 жылдың ішінде Қазақстанға құс етінің импорты жеті есеге  өскен. Қазіргі жағдайға келсек, бүгінде құс етіне деген қажеттіліктің 70 пайызы импорт есебінен қанағаттандырылады. Ал 2006 жылдан бастап құс шаруашылығы мемлекеттік қолдауды көре бастаған болатын. Соның нәтижесінде құс  етін өндіру 1,8 есе артып,  2008 жылы елімізде барлығы 65 мың тоннадан астам құс еті өндірілген. Соның ішінде 39 мың тонна құс еті субсидия арқылы өндіріліпті.

 

Мінеки, тек соңғы үш жылда атқарылған шаралардың өзі тиісті қолдау болса, саланың тез қанаттанып кететінін көрсетіп тұр. Мамандар бұған қоса еліміздегі қазіргі жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларын қолпаштаса,  100 мың тоннаға дейін құс етін бере алатынын айтады. Дегенмен де, қазіргі  дағдарыстың өзі бәсекелестік көрігін одан сайын қыздырып, нарықты жаулаудың небір қитұрқы дүниелерін тудырып отырғаны шындық. Сондықтан қазақстандық құс шаруашылығы бәсекелестікте қандай болуы керек, ондағы кедергілер нендей дегенді анықтап алу қажет. Дүние нарығына үңілсек, басқа ет түрлерімен салыстырғанда, соңғы уақытта құс етінің әлемдік базары жедел даму үстінде екендігін байқаймыз. Мәселен, соңғы 20 жылда бұл ет түрінің өндірісі 30 миллионнан 75 млн. тоннаға дейін өскен. Әлемдегі құс етін өндіру мен тұтынуда нарықтың негізгі үлесін тауық еті алады. Олай болса, бүкіл құс етінің 30 пайызға жуығы Азияда, Солтүстік және Орталық Америкада өндіріледі. Оңтүстік Америка мен Еуропаның үлесі шамамен 15 пайызды құрайды. Солтүстік және Орталық Америка, Азия сияқты ірі өндіруші аймақтарда АҚШ, Бразилия, Қытай мемлекеттері көшбасшы болып табылады, олардың әлемдік құс еті өндірісіндегі үлесі  55 пайызды құрайды.

 

Қазақстанға келсек, елімізді құс етімен жаулаған импорт негізінен тұтынушылар мен халық «Буш сирақтары» (кейбіреулер «Буш бұты» деп те атайды) атап кеткен, АҚШ‑тан келетін тауықтың сан еттері мен  мұзға қатырылған бүтін тауық еттерін қамтиды.  Шындығында да АҚШ осы өнімін әлемнің кез-келген нүктесіндегі  нарықтың осал тұсына тықпалауда көшбасшы мемлекет болып тұрғаны белгілі. Тіпті осыдан біраз бұрынғы дүниені алаңдатқан «құс тұмауы» дерті де американдық бәсекелестіктің бетін қайтара алған жоқ десе болады. Осы ретте «Буш сирақтарының» басқыншылықтағы негізгі қабілеті неде?» деген сауал туындайды. Аңдап қарасақ мәселе бағада екен.  Бұл өнімнің өзіндік құны АҚШ‑тың ішкі нарығындағы сұраныс ерекшелігі есебінен өте төмен екен. 2008 жылы кедендік статистика деректері бойынша АҚШ-тан келетін тауық сан еттерінің орташа импорттық бағасы бір киләсіне үшін 77,1 теңгені құраған. Бұл ретте отандық өндірістегі құс етінің орташа бағасы киләсіне 366 теңгені құраған. Мінеки, осыдан-ақ баға мәселесінде мұхитты асып келсе де, «Буш сирақтары» бәсекелестікте қазақстандық тауықтардың аузын ұрып отырғанын көреміз.   

 

Құс етін отандық өндірушілерді қолдау мақсатында Үкімет бірнеше мәрте кедендік баж мөлшерін ұлғайтқан болатын. Егер алғашында тауық сан етіне кеден бажы 10 пайызды құраған болса, кейінгі жылдары баж салығы 15-20 пайызға дейін көтерілген. Алайда американдық «сирақтардың» бағасының төмендігін ескерген Үкімет бұндай пайыздық көрсеткіштің жеткіліксіздігін аңғарып, кейіннен  кеден бажының ставкалары бойынша әкелінетін тауарлардың көлемін шектеуге мүмкіндік беретін тариф-квота тетігін қолдануды қарастырды. Бірақ, бәрібір де АҚШ-тың 77,1 теңге тұратын «сирақтары» мен қазақстандық 366 теңге тұратын тауықтың арасын біріктіру оңай шаруа емес екендігі түсінікті. Сондықтан да ендігі мәселе Қазақстанда өндірілетін құс етінің өзіндік құнын төмендетуге негізделуі шарт. Ол үшін мемлекет тарапынан жемге қатысты субсидиялар бөлініп, құс өсіру үшін кететін материалдық шығындарды кемітуге мейлінше мән беру керек. Әрине, бұл мақсатта ең алдымен жаңа технологиясыз ештеңе өндіре алмайтынымызды тағы ескерген ләзім. Сонымен бірге, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, өндіруші елдер өткізу нарықтарын іздестіріп, мемлекеттің қолдауымен оны демпингтік бағамен сатады. Яғни, алыс шетелден арзан бағамен келетін құс еті ішкі нарықта жоғары нарықтық бағамен сатылады.

 

Бір сөзбен айтқанда қазақ үшін алыпсатарлықтан гөрі, кез-келген дүниені өзі өндіріп сатудың пайдасы зор болатынын мемлекет көрсетуі, Үкімет оған жағдайлар қалыптастыруы тиіс. Құс өсіру шаруашылығында да солай. Яғни, мұхит асып келген сидиған «сирақтарды» арзанға алып, қымбатқа сатқанша, өзің өндіріп сатудың пайдасы мол болатынына  жұртты сендіру әрі солай істеу керек. Ол үшін де тиісті жағдай жасалмаса, бұл қалыптан арылу қиын.

 

 Қазіргі күні Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан құс еті импортының орнын басудың болжамдық мәліметтері жарияланған болатын. Ол бойынша 2010 жылы елдегі импорт шамасы 56 пайызды құраса, 2014 жылы 35 пайыз шамасында болады деп күтілуде. Яғни, 2010  жылы құс етінің өндіріс көлемін 88 мың тоннаға дейін көбейту жоспарлануда. Сәйкесінше 2011 жылы еліміздегі құс етінің өндірісі 105 мың тонна, 2012 жылы 122 мың тонна, 2013 жылы 134 мың,  2014 жылы 148 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен нарықтағы құс етіне сұранысты толық қанағаттандыру үшін әрі жаңағы көрсеткішке жету үшін 2010-2014 жылдары елімізде 21 құс фабрикасын қайта құру және салу жоспарланған. Қазіргі күні елімізде 40-қа жуық құс фабрикалары қызмет ететін көрінеді. Ал 1990 жылдары бұлардың саны 65-ке жуық болған екен.