Қажымұқанның құпиясы – БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 7 ақпан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Қажымұқанның құпиясы – БАҚ-қа шолу

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлттық ғылым академиясының академигі Көпмағамбет Елемесовтің есімі тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, шетелдік әріптестердің арасында да жақсы танымал. Ол Ресейдің, Тәжікстанның, Моңғолияның ғылым академияларының академигі. «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі 7 ақпандағы санында осы ғалыммен болған сұхбат жарияланыпты. Әңгіме өзегі бүгінгі мал шаруашылығы жайында өрбіген. «Біздегі мал шаруашылығының бір кездегі же­тістіктерімен салыстырғанда, біз әлі де құлдыраудан толық айығып отырған жоқпыз. Қазіргі жағдайлардың барысымен алғанда, мен тіпті, еліміздегі мал шаруашылығының болашағы бұлыңғыр деп есептеймін. Өйткені, еліміздің бас­ты байлығының бірі саналатын жүз­деген миллион гектар жеріміз игерілмей бос жатыр. Мал шаруашылығына еш­кімнің барғысы келмейді. Егер жағдай осылай бола берсе, біз ертеңгі күні мал бағатын адам таба алмайтын боламыз. Қазір дүние жүзінде жер бетіне адам сыймай барады. Міне, осындай шақта Қа­зақстанның көп жерінің бос жа­туы­ның өзі, шынын айтайын, көңілге алаң туғызбай қоймайды», - дейді К. Елемесов.

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Қажымұқанның құпиясы» атты мақала жарияланды. Қажы бабамыз 1983 жылы 100-ге келгенде, бүкіл Қазақстан болып аузымызды ләм деп ашпаппыз. Тәуелсіз Қазақстан 1993 жылы да 110 жылдығы тұсында үн-түнсіз қалғаны белгілі. Ал биыл күш атасы Қажымұқан бабамыздың дүниеге келгеніне тура 130 жыл толады. Осыған орай мақалада қазақ халқының мақтанышы, аты аңызға айналған Қажымұқан Мұңайтпасовты өз көзімен көрген, қажымұқантанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, дербес зейнеткер Қалиәкпар Әміржанов Қажымұқан туралы ойларымен бөліседі. «Сол төре ауылында («Жаңа жол» колхозы) тұрған кезде менің естігенім: 20-30-жылдары әке-шешелері өліп, жетім қалған ба­ла­лар көбейіп, үкімет тарапынан «ұйымдастырылған» «Балалар үйлері» пайда болады. Сол кездегі қамқорлықтың, мейірімділіктің бір түрі - бала асырап алу болған. Қажекең «Балалар үйінен» бір баланы алып, мұсылманша Ғаб­долла (одан кейінгі туғаны Ха­лиолла) деп атын қойып, өз ба­ласындай тәрбиелеп, Ғабдоллаға өзінің атын, фамилиясын береді. Сөйтіп, Ғабдолла Мұқанұлы Мұңайтпасов кейінірек Омбыда заң қызметкері болған. Ел арасында тараған тағы бір әңгімеде: «Жоқ, Ғабдолла палуанның бел баласы, анда-мында әгу-гәйді салып жүргенде болып қалған дейді. Олай да бо­луы мүмкін. Сол Ғабдолла 1941-43 жылдары біз тұрған Дробышев (қазір Нововаршавка) ауданына көшіп келіп, тергеуші болып іс­теді. Ғабдолла жалғыз келген жоқ. Қолында өгей шешесі Бәтима апай (Қажекеңнің бірінші әйелі), өздері бауырына салған Разиямен (Халиолла қызы) бір отбасы бо­лып тұрды. Сол соғыс жылдары қызмет бабымен Ғабдолла елге шығып жүрді. Жездем Жәнтемір Айдосовтың үйінде («Екіағаш» ауылы») ақырғы рет кездескенім бар. Орта бойлы, түрі ақшылдау, үстінде белбеуімен калың күрең шұғадан жасалған әскери бешпеті бар. Сыйлы қонақ келді ғой деп Жәнтемір жездеміз қисса айтатын өлеңшіні шақырған екен. Жас­тықты қолтығына басып жатып, тыңдап, әр жерде өзінің лебізін білдіріп, қиссаның кейіпкерлері ұнаса «молодец» деп, ұнамаса «мынауың бір «сволочь» екен ғой» деп қоятын», - деп көнекөз қария Қажымұқанның үлкен ұлы Ғабдолла туралы естіп-білгендерімен бөліседі.

«Алаш айнасы» газетінде «Арзан әуен ән бұзар» деген тақырыппен мақала берілді. «Белгілі композитор, музыка зерттеуші Ілия Жақанов ағамыздың бір сұхбат үстінде айтып қалған «Енді ешуақытта қазақтың ұлттық композиторы болмайды, демек қазақтың классикалық әні де ешқашан тумайды» деген аса қатқыл шыққан пікірі төбе құйқамызды шымырлатып өткен еді. Сырттай өз қарсылығымызды білдірсек те, іштей үнсіз мойындасқанбыз», - деп жазады газет. Ал «Замана зарын төккен дара дарын» деген мақалада туғанына 195 жыл толып отырған Шортанбай ақынды көп адамдар Абайдың: «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі - жамау, бірі - құрау» деген өлең жолдары арқылы ғана біледі десек, артық айтқандық емес. Тіпті осыған қарап Шортанбай жөнінде күні бүгінге дейін ұшқары пікірде жүргендер де жоқ емес. Ал шын негізінде, Шортанбай кім, қандай ақын, оның қазақ әдебиетіндегі орны, әдеби үлесі қаншалық?, -деген сұрақтарға толық жауап берілген.

Дьявол носит Prada 2
Ұқсас жаңалықтар

233 млн доллар: «Дьявол носит Prada 2» фильмі әлемдік прокатта бірінші орынға шықты