Kazinform фотографы ұлттық спортты әлемге паш еткені үшін марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM – Республикалық Көкпар федерациясының ұйымдастыруымен өткен «КӨКПАР AWARDS – 2025» қорытынды іс-шарасында ұлттық спортты дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген сала үздіктері марапатталды.
Республикалық Көкпар федерациясының ұйымдастыруымен өткен қорытынды іс-шарада ұлттық спорттың дамуына бір жыл бойы еңбек еткен үздіктер анықталды.
Салтанатты жиында көкпар спортының өркендеуіне үлес қосқан спортшылар, бапкерлер, атбегілер, балуандармен қатар, ұлттық құндылықтарды ақпараттық кеңістікте насихаттап жүрген медиа өкілдері де марапатталды.
Аталған іс-шара барысында Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің фотографы Мақсат Шағырбай «Үздік фотограф» номинациясына ие болды. Бұл марапат фототілшінің бір жылдық еңбегінің ғана емес, ұлттық спортты ұзақ жылдар бойы кәсіби деңгейде жүйелі түрде насихаттап келе жатқан шығармашылық жолының нәтижесі ретінде бағаланды.
Мақсат Шағырбай бұған дейін де халықаралық деңгейдегі беделді фотобайқауларда жоғары жетістіктерге жеткен. Атап айтқанда, 2025 жылы өткен дүниежүзілік фотосайыста оның туындысы 447 мыңнан астам фотосуреттің ішінен екінші орынға ие болып, халықаралық сарапшылардың жоғары бағасын алды.
Бұл жетістік Көкпар федерациясының биылғы қорытынды іс-шарасының сыйлығын тағайындау барысында ескерілген негізгі көрсеткіштердің бірі болды.
Фототілшінің айтуынша, алдағы уақытта көкпарды және жалпы ұлттық спорт түрлерін кеңінен дәріптеуге бағытталған бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылмақ.
– Алда нақты жоспарлар бар. Биыл үш ірі кубок ұйымдастырылады, соның бірі Түркістан қаласында өтеді. Сонымен қатар 2026 жылғы қыркүйек айында Қырғызстанда өтетін Көшпенділер ойындарына дайындық басталады. Осы маңызды жарыстардың барлығын жан-жақты насихаттап, фотоөнер арқылы ұлттық спорттың рухын көрсету – басты мақсатым, – деді Мақсат Шағырбай.
Бұдан бұрын Kazinform ақпарат агенттігінің фотографы халықаралық PhotOlympic-2025 фотобайқауында топ жарғанын жазған едік.