KAZINFORM ФОТОШЕЖІРЕСІ: елордада Жеңістің 80 жылдығына арналған көрме ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ елорданың «Нұрлы жол» вокзалында Жеңістің 80 жылдығына арналған фотокөрме ұсынды.

- Алдымен 7 мамыр Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр Жеңіс күнімен құттықтаймын! Бүгінгі іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшыларына көп рахмет. Біздің айтарымыз, суреттер сөйлесін, Kazinform агенттігінің 105 жыл тарихы бар, осы уақыт ішінде миллиондап жиналған фото қор бар, соның ішінде соғысқа тақырыбына арналған мыңдаған фото жинақталған. Сол тарихи фотолардың ішінен 80 фотоны іріктеп алдық, мұрағат фотолардың көбі әлі жарияланған жоқ. Вокзал жолаушылары, қала қонақтары тамашаласын деген оймен ұйымдастырып отырмыз - деді Президент Телерадиокешені директорының өндіріс мәселелері жөніндегі орынбасары Асқар Жалдинов көрменің ашылу салтанатында.

Айта кетсек, соғыс жылдары майданға 1,2 миллионнан астам қазақстандық аттанды. Олардың жартысына жуығы – 600 мыңнан астам адам туған жеріне оралмады. Жеңіске жол тек майдан шебінде ғана емес, тылда да салынды. Майданда атылған он оқтың тоғызы Қазақстан зауыттарында құйылды және елден 1500 вагон киім-кешек пен азық-түлік жөнелтілді. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары 2 миллион сарбаз бен офицерді киіммен қамтамасыз етті. 78 госпитальда жараланған жауынгерлерге көмек көрсетілді. Қазақстандықтар қорғаныс қорына 4 миллион рубльден астам қаражат жинады. 1945 жылы студенттердің қаражатына құрылған танк колоннасы Берлин шабуылына қатысты.

Көрмеге Kazinform фототілшілерінің соғыс жылдары түсірген 80 бірегей суреті шығарылған. Олар төрт тақырыпқа топтастырылды: «Екінші дүниежүзілік соғыс – 1939–1945 жылдар», «Панфиловшы батырлар», «Тылдағы әйелдер еңбегі» және «Теміржол. Соғыс жылдары, соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі кезең». Өкінішке қарай, сол кезеңдегі көптеген фотосуреттердің авторлары белгісіз болып қалған. Анықталған авторлардың қатарында В. Гребнев, Ю. Редкин, Г. Галкин бар. Авторлардың есімін қалпына келтіру жұмысы жалғасып жатыр.

- Жеңістің 80 жылдығына орай, елімізде көрші мемлекеттерде көптеген іс-шара ұйымдастырылып жатыр, бірақ, бүгінгі тарихи суреттер көрмесі рөлі ерекше. Өйткені, 80 жылдық Жеңіс тарихын еске алғанда, өскелең ұрпақтың суреттерге қарап жады жаңғыратыны сөзсіз. Сұрапыл соғыс тек қана қан майдан алаңында жүрген жоқ, тылда да жүрді. Біздің ата-бабамыз тек қару ұстап күрескен жоқ, сонымен қатар фототілшілер де сол қан майданның ортасында жүріп бүгінгі ұрпаққа сол соғысты көз алдымызға елестетуімізге себеп болды. Кезіндегі ҚазТАГ бүгінгі Kazinform-ның 105 жылдық тарихында сақталған фотолар бүгін қайта жаңғырып жатыр. Дәл осы көрме арқылы бүгінгі ұрпақтың ата-бабаға тағзымы байқалады, - деді Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай.
Фотосуреттердегі кейіпкерлер — солдаттар, жұмысшылар, дәрігерлер, ғалымдар — Жеңіс рухының, Отанға деген сүйіспеншілік, парызға адалдық, патриотизм мен жанқиярлықтың бейнесі.

- Көрмеге Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің жеке мұрағатындағы бұрын-соңды жарияланбаған фотолары қойылды. Нақты айтқанда, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде батырлығымен танылған, бабаларымыз бар, одан бөлек, тылда еңбек еткен отандастарымыздың тарихи сәті бейнеленген суреттер таңдалды. Сонымен қатар Қазақстанда темір жол саласының даму тарихынан сыр шертетін архивтік суреттер көпшіліктің назарына ұсынылып отыр. Агенттіктің мұрағатында еліміздің кез келген саласы бойынша архивтік фотолар қоры жиналған, соның ішінен Жеңістің 80 жылдығына орай, 80 фотоны таңдап алдық. Айта кетсек, архивтік фотоларды видео форматта еліміздің барлық әуежайы мен вокзалындағы LED экрандардан тамашалау мүмкіндігі бар,- дейді Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары – қазақ редакциясының бас редакторы Нағашыбек Алдан.

Олардың қатарында – Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдинов, атақты мерген Әлия Молдағұлова, ержүрек пулеметші Мәншүк Мәметова, қайсар генерал-майор Иван Панфилов, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы және басқа да көптеген тұлға бар. Олардың ерліктері – халқымыздың тегеурінді ерік-жігері мен қайтпас рухының символы.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы соғыс және еңбек ардагерлерін ұлықтауға ерекше мән береді. Жеңістің 80 жылдығы — баршамыз үшін маңызды дата. Теміржолшылар Жеңіске орасан зор үлес қосты. Бұл — біз үшін айрықша мереке. Біз Kazinform агенттігінің жобасына ерекше ықыласпен қатыстық. Біз жолаушылармен қатар, өскелең ұрпақ тарихты тереңірек тануы үшін осындай жобаларға әрдайым қолдау білдіреміз. Жалпы вокзал аумағында тақырыптық көрмелерді жиі өткізіп тұрамыз, адамдар көріп, естен шығармасын дейміз, - деп атап өтті «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Алдабергенов.

Көрменің ашылуына Сенат және Мәжіліс депутаттары, ардагерлер ұйымының өкілдері мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының құрметті ардагер қызметкерлері қатысты.

Сондай-ақ іс-шара қонақтары көрменің ресми ашылу салтанатынан кейін вокзал алдына ағаштар отырғызды. Елорданың «Нұрлы жол» вокзалындағы фотокөрме биыл 31 шілдеге дейін жұмыс істейді.

Еске салайық, Kazinform агенттігінің Жеңіс күніне арналған арнайы жобасы бар. Ол Қазақстан халқының Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында көрсеткен ерлігі туралы цифрлы естелік. Мақсат - бейбіт болашақ үшін батылдық танытқан батырларды есте сақтау.

