Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазіргі кредиттік ставкалар шағын және орта бизнестің дамуы үшін тым жоғары - Р. Ошақбаев

АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат - Қазіргі кредиттік ставкалар шағын және орта бизнестің дамуында және кәсіпорындардың бәсекелестікке қабілеттілігін қамтамасыз етуде тым жоғары болып отыр.

Қазіргі кредиттік ставкалар шағын және орта бизнестің дамуы үшін тым жоғары - Р. Ошақбаев

Бұл туралы бүгін «Ақша-несие саясатының концептуальдық жаңа жүйесі не үшін қажет?» деген тақырыпта өткен «Атамекен Форум» пікірталас клубының алғашқы отырысында «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП төрағасының бірінші орынбасары Рахым Ошақбаев айтты.

Оның айтуынша, бизнес пен индустрияландыруды қолдауға арналған барлық мембағдарламаларда дәл осы пайыздық ставкаларды субсидиялау ең негізгі әрі ең көп қолданылатын құрал екендігіне баса назар аудару қажет.

«Алайда, несие пайыздарын азайту мәселесін жүйелі түрде, ақша-несие саясатын жетілдіре отырып шешу керек. Біз шағын және орта бизнестің банктерден 5-6 пайыздан жоғары емес қарызды ұзақ мерзімге алу мүмкіндігіне ұмтылуымыз қажет. Сондықтан, бүгінде Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп дайындап жатқан ақша-несие саясатының жаңа жүйесі ең бірінші кезекте қазақстандық банктердің қолжетімді ставка бойынша ұлттық валютамен қорландырылуының тиімді, ұзақмерзімді тетіктерін ойлап табуы шарт. Сондай-ақ, квазимемлекеттік құрылымдардан ғана қаржыландырылмай, банктер, лизингілік компаниялар, шағын несиелік ұйымдар мен ауылдық несие серіктестіктеріне арқа сүйеуіміз абзал», - деді ол.

Айта кету керек, қолданыстағы ақша-несие саясатының үлгілерін өзгерту қажеттілігі туралы мәселе соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Кәсіпкерлер қауымдастығының пайымдауы бойынша, шикізаттық емес сектордың дамуына көптеген кедергілер тұсау салып отыр.

«Атамекен» Одағы» мамандарының пікірінше, қазіргі ақша-несие саясатының жүйесі Қазақстанның макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлкен ықпалын тигізді. Дегенмен, оны бұдан әрі де жетілдіре түсу қажет.

Олардың айтуынша, қазіргі жүйе шағын және орта бизнес үшін банктерде несиелердің қолжетімділігін, несиелердің жоғары пайызын, банктердің қатал талаптарын және басқа да мәселелерді реттей алмай отыр.