Қазіргі мал төлдейтін шақ адам үшін қауіпті, ауру жұқтыру мүмкіндігі еселеп артады – санитар

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының 9 ауданында туляремияның табиғи ошағы орналасқан. Ал сібір жарасы тарауы мүмкін қолайсыз 161 ошақ бар. Қауіпті аурулардың алдын алу үшін жылда өңірде жануарлар мен құстардың 10 ауруына және 3 энзоотиялық ауруға қарсы екпе жүргізіледі. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды қадағалау бөлімінің бас маманы Толқын Қаженованың бұл салада жүргеніне 25 жыл. Білікті маман малдан тарайтын қауіпті аурулар және олардан қорғану жолдары жайында ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Қазіргі мал төлдейтін шақ адам үшін қауіпті, ауру жұқтыру мүмкіндігі еселеп артады – санитар

- Толқын Шериязданқызы, өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып кетіңізші, бұл салаға қалай келдіңіз?

- Мен Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының тумасымын. 1996 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын эпидемиолог дәрігер мамандығы бойынша тәмамдадым.

Бала күнімнен дәрігер болуды армандадым. Арманымды жүзеге асыру үшін мектепте химия, биология пәндеріне басымдық беріп оқыдым. 1990 жылы университетке құжатымды бердім, бірақ емдеу факультетіне конкурс жоғары болды және еңбек өтілі барларды көбірек қабылдады.

Мектепті енді бітіргенмін, сондықтан құжаттарымды медико-профилактикалық іс факультетіне тапсырдым. Қазіргі таңда СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарудамын. Жалпы мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілім 25 жыл.

- Сіздің міндетіңізге не кіреді?

- Қазіргі негізгі міндетім – жұмысты ұйымдастыру және қадағалау. Аса қауіпті инфекция тіркелген жағдайда оның дер кезінде есепке алынуын, ошақтардың тергеп, тексерілуін қадағалау, эпидемиологиялық талдаулар жүргізу, аса қауіпті инфекциялардың алдын алу шараларын ұйымдастыру, медицина және аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының мамандарына семинарлар ұйымдастырып өткізу, бағдар-кеңес беру, жоспарлы нысандарды тексеруге қатысу, халықтың арасында санитариялық түсіндіру жұмыстарын өткізу, мемлекеттік қызмет көрсету, келіп түскен сұранымдарға, өтініштерге жауап дайындап жолдау, ағымдық, жылдық жоспарларды орындау бойынша айлық, тоқсандық есептерді дайындау және т.б. кіреді.

- Қандай аурулар аса қауіпті инфекцияларға жатады, неліктен?

- Аса қауіпті инфекциялар – халық арасында өлім-жітімнің және (немесе) мүгедектікке көптеп әкелуімен жаппай өршуді тудыра отырып, үлкен аумақтарға тез таралатын және адамдардың басым бөлігіне зиян келтіретін, жануарлардан және адамнан адамға беріле алатын аурулар. Яғни, эпидемия тудыратын инфекциялар, оларға - Сібір жарасы немесе күйдіргі, сарып, туляремия, құтырма, лептоспироз, листериоз, Конго-Қырым гемаррагиялық қызбалары жатады.

- Облыста қандай қауіпті инфекциялардың ошағы бар, олар қайда орналасқан?

- Солтүстік Қазақстан облысының 9 ауданы туляремияның табиғи ошақтарында орналасқан. Туляремия – лимфа түйіндерін, кейде көз, өкпені зақымдауы мүмкін. Ауру маусымдық, инфекцияны жаз бен күз айларында жұқтыру қаупі зор.

Инфекцияның негізгі көзі – кеміргіштер: ондатрлар, егеуқұйрықтар, тышқандар, қояндар. Сондай-ақ кене және қан соратын жәндіктерден де жұғуы мүмкін. Аңшылар, фермерлер, тері дайындаушылар, мал соятындар ауру жануарлармен байланыста болған кезде жұқтыруы мүмкін. Сапасыз дайындалған тамақ пен ластанған су арқылы жаппай таралу қаупі бар.

Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы шамамен 1-20 тәулікті құрайды, көбінесе 3-7 тәулік. Әдетте ауру жедел басталады, интоксикация, қалтырау, дене қызуының көтерілуі, дененің ауырсынуы, бас ауруы, әлсіздік пайда болады. Бет және мойын терісі қызарады.

Бөртпе пайда болады, ол 8-12-ші күнге дейін қабыршақтанады, одан кейін тері пигментациясы қалуы мүмкін. Туляремия инфекциялық стационар жағдайында емделеді. Онымен ауырғандарда тұрақты иммунитет пайда болады.

Соңғы уақытта өңірде бұл ауру бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты.

- Өңірде жылда бруцеллезге шалдыққан түлік анықталып, көзі жойылып жатады. Бұл ауру адамға қаншалықты қауіпті?

- Бруцеллез немесе қазақша сарып дейміз, жануарлар және адамдардың өте қауіпті жұқпалы ауруы. Ауруды бруцелла микробтары тудырады. Бұл аурумен барлық үй жануарларлы ауырады, адамға осы ауру малдан жұғады. Бір ескере кететін жайт, қой мен ешкі сарыптың ауыр түрін таратады, ал ірі қарадағы сарып қоздырғышы адам үшін аса қауіпті емес, ауру жеңіл өтеді.

Адамдарда ауру жұқпа жұқтырғаннан кейін 2-3 аптадан кейін пайда болады. Инфекция жұқтырған науқаста бірінші күндері дене қызуы жоғарылайды, қалтырау, терлеу, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі болады.

Содан соң бас ауруы, ұйқысыздық, тәулік бойына дене қызуының көтерілуі байқалады. Сарыпта көбіне буындар зардап шегеді, аурырсыну пайда болады, ісінеді. Көбіне радикулит, невритке ұласады.

Адамдар үшін тек қана ауру жануарлар қауіпті емес, олардан алынатын шикізат және тағамдар, әсіресе шикі сүт және сүт тағамдары, ет, жүн және тері, сонымен қатар жем-шөп, төсеніш, су, топырақ та қауіпті.

Адам үшін ең қауіпті кез ауру жануарлардың төлдеу, қоздау уақыты. Бұл кезеңде микробтар көп мөлшерде төлмен, шуымен және зәрмен бөлінеді. Инфекция ауыз, мұрын және көз арқылы лас қолмен ұстағанда, зақымданған тері арқылы, сарыппен ауыратын жануарларды сою және ауыру малды күтіп бағу кезінде жұғады.

Сарып ауруын жұқтыру қаупін азайту үшін ауылшаруашылық жануарларды сатып алғанда, ветеринарлық құжаттарын талап ету керек. Тағамдарды арнайы орындардан ғана сатып алған жөн. Сүтті міндетті түрде қайнатып ішу керек.

- Сібір жарасын жұқтыру дерегі облыста тіркелген бе? Бізде оның ошағы бар ма?

- Сібір жарасы соңғы рет СҚО-да Ақжар ауданында 2021 жылы тіркелді. Ер адам малды сойған кезде ауруды жұқтырып алған. Науқаста инфекцияның терілік формасы анықталды, ол толықтай емделіп, сауығып шықты.

Қазақстан Республикасындағы күйдіргі бойынша стационарлық-қолайсыз пункттердің кадастрына сәйкес СҚО аумағында 2018 жылға дейін стационарлық қолайсыз пункттер саны 149 болса, қазір ауру ошақтарының саны 161-ге жеткен.

Сібір жарасы - жануарлар мен адамдардың аса қауіпті жұқпалы ауруы, көбінесе өліммен аяқталады. Сібір жарасының қоздырғышы - бактерия оттегіге жеткен кезде споралар түзеді. Жануарлар сібір жарасын қоздырғышы бар топырақтан және шөптен жұқтырады, бұл ауруды тудыратын микробтар онда бірнеше жылдар бойы сақталуы мүмкін және белгілі бір жағдайларда көбейеді. Адамдар күйдіргіні ауру малдардан жұқтырады. Сібір жарасы адамнан адамға берілмейді.

Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан бір аптаға дейін, көбінесе бұл кезең 2-3 күнге созылады. Көбінесе адамдар ауру жануарларды күту, оларды сою және ет өңдеу кезінде, ветеринариялық-санитариялық ережелерді сақтамаған кезде жануарлардың терісінен, жүнінен жұқтыруы мүмкін.

Адам күйдіргі жұқтырғанда оның дене қызуы бірден 39-40°C дейін көтеріледі. Аурудың бактериясы терінің кесілген, сызаттары бар, жырылған жерге түсіп, жаралар пайда болады; өкпе тұсы ауырып, ентігеді, қанды қақырық түсіп, пневмонияға ұласады. Іші өтіп, қанды диарея, құсу, метеоризм болуы мүмкін.

Сібір жарасымен ауыру елімізде өзекті мәселе. Қазіргі уақытта республика аумағында сібір жарасының 2,5 мыңнан астам ошағы бар.

- Қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу үшін мамандар қандай жұмыс атқарады?

- Облыста аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. ҚР мемлекеттік шекарасындағы өткізу пунктерінде тырысқақ бойынша қолайсыз елдерден келген тұлғаларға санитарлық-карантиндік бақылау жүргізіледі.

Жыл сайын жіті ішек аурулары мен тырысқақ бойынша эпидемиологиялық маусымда тырысқақтың әкелінуін, таралуын болдырмау мақсатында облыста суға және сыртқы орта нысандарына тырысқақ вибриондарына үнемі зерттеу жүргізіледі, ішек ауруына шалдыққан адамдардың материалдарына зертханалық зерттеу жасалады, этиологиясы белгісіз жұқпалы аурудан көз жұмған адамдардың мәйітінен алынған материалдар зерттеледі.

Инфекциялық стационарлардың науқастарды қабылдауға дайындығы, олардың уытсыздандыру, регидратациялау жəне ерекше терапия құралдарымен, бактерияға қарсы препараттармен жарақтандырылуын қадағалау жүзеге асырылады жəне консультативтік кеңестер беріліп отырады. Тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Туристік фирмаларға шет елдерге баратын тұлғаларға арналған жаднама, нұсқаулықтар жіберіледі.

Туляремияның алдын алу мақсатында наурыз, сәуір айларында жылдық жоспарға сәйкес табиғи ошақтардың аумағында тұратындарға, сондай-ақ мамандығына байланысты жұқтыру қаупі бар адамдарға туляремияға қарсы екпелер жүргізіледі.

- Әңгімеңізге рахмет!