Қазіргі сауда айналымының көлемі біздің ынтымақтастығымыздың барлық әлеуетіне сай емес - Литваның Қазақстандағы Елшісі
- Елші мырза, Қазақстан мен Литва арасындағы саяси және экономикалық қатынастарды қалай сипаттаған болар едіңіз? Екіжақты қатынастарды бұдан әрі дамытуда қай мәселені өзекті санайсыз?
- Бүгіндері біздің елдер арасындағы саяси-экономикалық қатынастарды бір сөзбен айтар болсақ, экономикалық байланыстардың ойдағыдай дамымай отырғандығына қарамастан жаман емес. 200 млн. еуро көлеміндегі тауар айналымы көрсеткіші, өкінішке орай, мүмкіндігі зор бола тұра, ынтымақтастығымыздың толық әлеуетіне сай емес. Менің ойымша, таяу арада тауар айналымы көлемін арттырудың барлық алғышарттары бар. Жалпы алғанда, соңғы жылдары екіжақты қатынастар белсенді дамып келеді. Тек өткен жылы ғана Литваның Сыртқы істер министрі Қазақстанда үш рет сапармен болды. Бұл екі ел арасындағы байланыстың жақсы екендігінің көрінісі. 2001 жылы құрылған үкіметаралық комиссия 2007 жылы өз жұмысын күрт жандандыра бастап, оның Астанада өткен отырысына литвалық көптеген кәсіпкерлер қатысты. 2008 жылы комиссия отырысы Палангада (Литва) өтті, онда қол қойылған хаттамалар мен құжаттар екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды тереңдетудің қажет екендігін меңзейді.
- Таяуда Астанада өткен «Қазіргі заманғы Қазақстан және «Еуропаға жол» атты халықаралық конференцияға Литва Сеймінің вице-төрағасы Альгис Кашета қатысты. Бұдан басқа, Литва Сыртқы істер министрі Вигаудас Ушацкастың сапары күтілуде. Осы сапарлар жөнінде не айта аласыз?
- Литва Сеймі төрағасының орынбасары Альгис Кашета ҚР Парламенті Мәжілісінің конференциясында сөз сөйледі, жергілікті БАҚ-та мен бұл туралы жақсы пікірлер оқыдым. Бұдан басқа, ол Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджановпен және ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеймен кездесіп, онда парламентаралық ынтымақтастық, Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығы және басқа да мәселелер төңірегінде әңгімелесті. А.Кашета атап өткендей, Литва парламенті депутаттарының парламентаралық ынтмақтастықтың ең үлкен тобы Қазақстанмен достық орнатуда, ондағы депутаттар саны - 63. Осындай топ ҚР Парламентінде де құрылған, оған Рахмет Мұқашев жетекшілік етеді. А.Кашетаның сапары еліміздегі парламентаралық қатынастарды нығайта түсуге ықпал етеді және мұндай ынтымақтастық дами береді деп ойлаймын. Маусымның соңына қарай Литвада ЕҚЫҰ Парламентаралық конференциясы өтеді, оған қазақстандық парламентшілер де қатысады. Литва Сыртқы істер министрі В.Ушацкастың сапары барысында ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовпен, Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Сыртқы істер министрі Марат Тәжинмен кездесулер жоспарланған. Экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сауда айналымын арттыру, кеден саласындағы өзара іс-қимылдар және ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың сабақтастығы туралы мәселелер талқыланбақ. Сондай-ақ бірқатар құжаттарға қол қойылады деп жоспарлануда, олардың қатарында ҚР мен Литва арасындағы визалық режімді оңайлату, қызметтік және дипломатиялық төлқұжаты бар тұлғалар үшін виза режімін қолданбау жөніндегі келісім де бар. Бұл - Қазақстан үшін үлкен жетістік деп ойлаймын, өйткені Литва Шенген аумағына енеді, сондықтан да көптеген қазақстандықтар Литвада ғана емес, сонымен қатар Шенген аумағына кіретін басқа да елдерде бола алады. Литва Сыртқы істер министрімен бірге Қазақстанға ауыл шаруашылығы министрі К. Старкявичус те келеді. Ол өз тарапынан қазақстандық әріптесі А.Күрішбаевпен және «ҚазАгро» мемхолдингінің басшысымен кездеседі. Қазақстанда ауыл шаруашылығына үлкен мән берілетіндігі мені қатты қуантады. Президент Н.Назарбаев елдің азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне зор маңыз беріп отыр. Бұл сала бойынша, атап айтқанда ветеринария, технология, азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдеріне талап етілетін еуропалық стандарттарды қолдану мәселесі жөнінен Литва Сіздің елге көмек қолын созуға дайын. Осы сапар ауқымында литвалық және қазақстандық кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форум өткізу жоспарланған. Бұл да біздің ортақ сауда ісіндегі мүмкіндігімізді дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын. Осы жылғы күзде ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов Литваға келеді деп үміттенеміз.
- 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі алдында Қазақстан екі ел ынтымақтастығына, жалпы Еуропаға не әкеле алады?
- ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселесіне екі ел де мүдделі. Өйткені, Қазақстаннан кейін Литва осы ұйымға 2011 жылы төрағалық етеді. Биылғы жылы біз үштікпен жұмыс жасауды бастаймыз, оған кіретіндер ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы - Грекия және келесі төрағалар ретінде - Қазақстан мен Литва. ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалық етуі, құрамына 56 ел кіретін ұйым тарапынан көрсетілген үлкен сенім. Оның үстіне, Қазақстан ТМД елдері арасындағы тұңғыш төраға болмақ. Республика үлкен міндеттерді шешуі тиіс. Бұлар, конфессияаралық келісім, қоғамды демократияландыру, БАҚ еркіндігі, Приднестровье, Таулы Қарабақ және басқа да даулы мәселелерді реттеу және тағы басқалар. Белгіленген мәселелерді толықтай немесе жартылай шешуге үміт бар. Өйткені, 2010 жылы Қазақстан шешіп үлгермеген мәселелерді 2011 жылы Литва шешуі тиіс.
- Балтық жағалауы елдері Литваның ЮНЕСКО-дағы елшісі Инна Марчуленитені ЮНЕСКО-ның Бас директорлығына ортақ үміткер ретінде ұсынып отыр. Осы бастаманы түсіндіріп бересіз бе?
- ЮНЕСКО-дағы біздің миссияны басқарушы И. Марчулените осы ұйымның көптеген лауазымдарына ие. 2004 жылы Дүниежүзілік мұрасы комитетіне жетешілік етті. Қазіргі уақытта ЮНЕСКО-ның Атқару кеңесі төрағасының орынбасары міндетін, ЮНЕСКО штаб-пәтері комитетінің төрағасы, осы ұйымның түрлі жұмыс топтарының жетекшісі және қатысушысы міндеттерін жемісті атқарып жүр. Ол мұнда көптен бері қызмет атқарады және ұйым қызметінің ерекшеліктерін жақсы біледі. Сондықтан да, Латвия, Литва және Эстония үміткерді 2009-2013 жылдарға осы лауазымға лайықты деген ортақ шешімге келді. Біздің үміткерімізді қолдау туралы Қазақстанға өтініш білдірдік. Осы жылдың күзінде, ЮНЕСКО-ның Бас директорлығына сайлауға қатысатын басқа елдерге де өтінішімізді айттық.
- Биыл жазба деректерінде Литваның алғаш рет айтылғанына 1000 жыл толуы аталып өтпек. Осы атаулы күн елде және әлемде қалай аталып өтпек?
- Литва мемлекеті бұған дейін болмады деп, мен айта алмаймын. Дегенмен, жазба дереккөздерінде Литваның аталғанына міне 1000 жыл толып отырғаны ақиқат. Бұл Литвада үлкен оқиға және бұл күн шілденің 6-10-ы аралығында, король Миндоугастың таққа отырған күні - мемлекеттік мереке күндері атап өтілмек. Бұл күндері біз «Вильнюс - Еуропа астанасы» мерекесін тойлаймыз. Бұл мейрам жыл сайынғы әндер мен билер мерекесімен сәйкес келіп отыр. Мерекеге көптеген шет елдік қонақтар, шығармашылық топтар шақырылды, оның ішінде Қазақстан да бар. Сіздің елден үш-төрт көркемөнерпаздар тобы мен үлкен делегация салтанатқа қатысады.
- Орталық Азия аймағындағы ең қарқынды дамып келе жатқан ел Қазақстан өткен жылы өз астанасының 10 жылдығын атап өтті. Сіздің Астанадан, жалпы Қазақстаннан алған әсеріңіз қандай?
- Мен бір кездері өзім болған кеңестік Целиноградты есіме аламын. Бұл 120-150 мың тұрғыны бар шағын қала болатын. Ал бүгінде сол шағын қала мен қазіргі Астананың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. 10 жыл ішінде көптеген ғимараттар, тұрғын үйлер, инфрақұрылым нысандары тұрғызылды. Қала халқы бүгінде 700 мыңнан асып жығылады. Бұл, Астананың қарқынды дамып келе жатқанының көрінісі. Ең бастысы, құрылыс тоқтап тұрған жоқ, ол жалғасын тауып келеді. Қала күннен күнге құлпырып барады. Астана осында қызмет жасайтын тек біз секілді шетелдіктерге ғана емес, қала қонақтарына да қатты ұнайды. Егер мұнда бұрын болып көрмеген біреулерге жазықтағы әсем қала - Астана туралы айтар болсаңыз, бәлкім олар сенбес те еді.
- Біздің Президентіміз Н.Назарбаевтың «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс ХІІ съезіндегі баяндамасы туралы не айтар едіңіз?
- Бұл баяндаманы мен зейін қойып оқып шықтым. Н.Назарбаевты көрнекті мемлекет қайраткері және Президент ретінде қатты сыйлаймын. Ол Қазақстанға бейбітшілік, тыныштық және тұрақтылық әкелді деп айта аламын. Н.Назарбаев елдің аяғынан тік тұрып, қуатына мінуіне, қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруына қолдан келгеннің бәрін жасауға бар күш-жігерін жұмсауда. «Нұр Отан» партиясы өз жұмысында қоғамды демократияландыруға, экономиканың өркендеуіне, тұрғындардың тұтыну мөлшерінің өсуіне, инновациялық дамуға қарай бетбұрыс жасап жатыр. Партияның жоспары, елді қатардағы шикізат өндірушіден шикізатты өңдеуші елге айналдыру. Зауыттар салу, қосымша құны жоғары өндіріс орындарын ашу - өте тамаша іс. Бұл бастауларда мен Қазақстанға жеміс тілеймін.
- Қызметтік баспалдағы енді басталып келе жатқан біздің жас оқырмандарымыз атынан білгіміз келетіні, Сіздің кәсіби қызметіңіз және Сіздің отбасыңыз туралы. Сіздің пікіріңізше, Қазақстандағы салт, дәстүр және ұлысаралық қатынастарда қандай да бір ерекшеліктер бар ма?
- Біріншіден, Сіздің елде мемлекеттік тіл қазақ тілі болып саналатынына мен қуаныштымын, сонымен қатар орыс тілі ешқандай қысым көрмейді. Қазақ тілі маған өте жақын, өйткені менің тегімде қарайым халқының қаны бар, сондықтан да мен қазақтармен түсінікті тілде сөйлесе аламын. Мен 600 жыл бойы қарайымдықтар тұрып келе жатқан Тырақай қаласында дүниеге келдім. Менің ата-бабаларым осында тұрған. Тарихи мәліметтерге қарағанда, 14-ші ғасырдың соңында князь Вивовт Қырымға жасаған шабуылынан кейін көптеген қарайымдар мен татарларды өзінің жасағы және жер өңдейтін шаруалары ретінде осы Литваға алып келген көрінеді. Мамандығым бойынша - мен инженер-экономистпін, инженерлік-құрылыс институтын бітірдім. Шебер, прораб, құрылыс ұйымының басшысы жұмыстарын атқардым, Литва КСР-і «Колхозаралыққұрылыс» төрағасының орынбасары, материалдық-техникалық жабдықтау комитетінің төрағасы қызметтерін атқардым. Литва тәуелсіздік алған 1990 жылдары алғашқы Литва үкіметінде материалдық ресурстар министрі болдым. Одан кейін банк саласында - «Гермес» банкінің президенті. 1993 жылы Альгидас Бразаускас тұңғыш президент болып сайланғанда ол мені Мәскеуге елші етіп тағайындады. Міне, 16 жыл мен елшілік қызметтемін. Ресей, Мажарстан, Чехияда Елші қыметтерін атқардым. 2007 жылғы шілдеде Қазақстанға келдім. Бұл жердің мәдениеті, салты, ұлысаралық қатынастарының өзіндік өрнектері бар. Маған Қазақстанда жұмыс істеу ұнайды, осы жерде қызмет ету мүмкіндігі бұйырғанына мен разымын. Біз мұнда зайыбым Кристинамен тұрамыз, ұлым бар. Ол АҚШ-та тұрады, үлкен медициналық компанияның қаржы және сатып алу департаментінің директоры болып қызмет атқарады. Ол да Алматыға қонақта болуды қатты ұнатады.
- Әңгімеңізге рахмет!