Қазіргі таңда 6323 кәсіпорынның қызметкерлері жалақыларын БТА банктің карточкасымен алады
АЛМАТЫ. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазіргі таңда 6323 кәсіпорынның қызметкерлері жалақыларын БТА банктің карточкасымен алады, деді Банктің Директорлар кеңесінің төрағасы Арман Дунаев бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бөлшек бизнесте банк 6323 кәсіпорынның қызметкерлеріне қызмет көрсетеді. Олар өз жалақысын карточкамен алады. Оның ішінде 620 мың жеке тұлға қамтылған. Наурыз айында біздің тұрақты клиенттерімізге еңбекақы жобасы бойынша банктен жалақыға 17,2 миллиард теңге берілді», дейді Арман Дунаев. «БТА банк» АҚ Директорлар кеңесі төрағасының айтуынша, қазір жеке тұлғалардың төлемдері тұрақтанды. Ақпан айында оның 21 пайызға төмендеуі байқалған болатын. Наурызда бұған дейінгі кезеңдердегі 8,5 миллиард теңге көлеміндегі айлық орташа көрсеткішке қайта қол жеткізіліп отыр. «Біз енді өзіміз көшбасшы саналатын жеке тұлғалардың төлемдері нарығында үлесімізді одан сайын ұлғайта түспекпіз. Клиенттеріміз бен халықтың көпшілігіне коммуналдық және зейнетақы төлемдерінде біздің банк арқылы қызмет көрсетіледі. Бізде зейнеткерлермен жұмыс істеуде арнаулы жеке бағдарлама бар. Наурыз айында жеке тұлғалар 15 миллиард теңгенің аударымын жасады. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ондағы өсім 44 пайызды құрап отыр», дейді Арман Дунаев.