Қазіргі уақытта мемлекеттің реттеуші рөлін күшейтпейінше, қайта өңдеукәсіпорындарының қарқынды дамуы мүмкін емес - А. Күрішбаев
АНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейту, экспорттық әлеуетін арттыру және халықты жұмыспен қамту Ауыл шаруашылығын дамытумен тікелей байланысты. ҚР Ауыл шаруашылық министрі Ақылбек Күрішбаев тілшімізге берген сұхбатында стратегиялық маңызы бар осы үш бағыттағы жұмыстардың барысына тоқталды.
- Ақылбек Қажығұлұлы, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың бәсекеге төтеп беріп, қарқынды дамуы үшін келешекте қандай шетін мәселелерді шешу қажет деп санайсыз?
- Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өнеркәсібі экономиканың негізгі бір саласы ғана емес, сонымен бірге ол еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі де болып табылады. Бұл саланың дамуы елдің қоғамдық-саяси тұрақтылығына да тікелей байланысты. Әлемдік нарықта туындаған азық-түлік дағдарысы мен оның салдары қайта өңдеу өнеркәсібінің маңыздылығын бұрынғыдан да арттыра түсті. Ал азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі дүниежүзілік экономикалық саясаттың күнделікті талқысына айналды. Азық-түлік тапшылығын сезіне бастағаннан-ақ әлемнің барлық елдері бұл салаға мемлекет тарапынан жасалатын қолдауды күшейтіп, саяси маңызы зор өзгерістер жасады. Әсіресе, өндіріс көлемін арттыру, ішкі азық-түлік нарығын тұрақтандыру сияқты мәселелерге ерекше мән беріп отыр. Осыған орай, біз де әлемдік азық-түлік нарығындағы жағдайға байланысты қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы күрделі мәселелерді қайта қарап, заман талабына сай стратегиялық бағыттарына жаңа қырынан келіп, өзгерістер енгізуіміз қажет. Бұрын жасалып, қазір жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік аграрлық саясатты жалғастыра отырып, біз оны еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндей жаңа мазмұнмен толықтыруға тиіспіз. Әлемдік азық-түлік нарығындағы жағдай шиеленіскен қазіргі уақытта мемлекеттің реттеуші рөлін күшейтпейінше еліміздің қайта өңдеу кәсіпорындарының қарқынды дамуы мүмкін емес. Мұны қамтамасыз ету үшін ішкі азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтау мақсатында қабылданған кешенді шараларды жалғастыру қажет. Бұл шараларға әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларын өндіруді ынталандыруды; олардың резервін жасақтап, тұрақтандыру қорын құруды; ұтымды кедендік тариф саясатын жүргізу арқылы қайта өңдеу өнімдерінің экспорты мен импортын реттеуді; азық-түлік тауарлары бағасының қалыптасу барысын қадағалауды жатқызуға болады. Мұндай шараларды қазір әлемнің барлық мемлекеттері қолданып жатқаны мәлім. Қайта өңдейтін кәсіпорындар бәсекеге төтеп беретін өнімдер өндіру үшін оларды ең алдымен ауыл шаруашылығы шикізаттарымен қамтамасыз ету қажет. Бұған дейін проблема болып келген бұл мәселе қазіргі таңда оң шешімін табуда. Өкінішке қарай, отандық өндірушілер өндіретін майлы дақылдар, жеміс-жидек пен бақша өнімдері, қант қызылшасы еліміздің қайта өңдеу кәсіпорындарының сұранысын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Бұл мәселені тиімді шешу үшін аталмыш өнімдерді өсіруге берілетін субсидия мөлшері елеулі ұлғайтылуда. Бұдан бөлек, егіншілік саласын әртараптандыруға айрықша назар аударылып, ылғал сақтайтын технологияларға өту көзделуде. Осы орайда, алдағы 4-5 жылдың ішінде дәнді-дақылдар егілетін барлық алаңдарды ғылым ұсынып отырған осындай технологияға көшіру міндеті қойылып отыр. Мал шаруашылығында өндірісті ірілендіру, малдың генетикалық әлеуетін арттыру, орта және ірі тауарлы фермаларды құру есебінен саланы өнеркәсіптік негізге көшіру арқылы қайта өңдеу кәсіпорындарын отандық сапалы шикізаттармен қамтамасыз ету біздің алдымызда тұрған басты міндеттердің бір парасы. Қазір іске асырылып жатқан және жаңадан енгізілген бюджеттік бағдарламалардың барлығы ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын техникалық және технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыруға бағытталған жүйелі шараларды мемлекеттік қолдауға және ынталандыруға жұмылдырылатын болады. Атап айтқанда, ағымдағы жылдан бастап қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаржысын толықтыру үшін екінші деңгейлі банктерден алған несиелерінің өсімін тікелей субсидиялау бағдарламасы одан әрі жалғасады. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді субсидиялау ережесі оның міндетті түрде өнеркәсіпте қайта өңдеуге бағытталуы тиіс болып өзгертілді. Бұған қоса, агроөнеркәсіптік кешен салалары кәсіпорындарының ИСО және ХАССП халықаралық сапа стандарттарын өндіріске енгізу, әзірлеу және сертификаттау жөніндегі қызметтерінің құнын 50 пайызға дейін субсидиялау жөніндегі мемлекеттік қолдау бағдарламасы одан әрі жалғасын табады. Банк секторындағы әйгілі қиындықтардан туындаған кредиттік ресурстардың өткір тапшылығы жағдайындағы «Самұрық-Қазына» қоры, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен екінші деңгейлі банктер арасындағы бас келісімі аясында қарастырылған 72,0 млрд. теңге ауыл шаруашылығы шикізаттарын қайта өңдеумен шұғылданатын шағын және орта кәсіпорындардың субъектілерін қаржыландыруға жұмсалады. Бұдан бөлек, еліміздің қаржы институттарының инвестициялық жобаларды жүзеге асыруы есебінен экономиканың қайта өңдеу секторындағы қолданыстағы өндірістерді кеңейту және жаңаларын құру жөніндегі жұмысы келешекте де жалғасатын болады. Бұлар ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз ету, саланың экспорттық әлеуетін арттыру, сондай-ақ ауыл халқының жұмыспен қамтылуын жақсарту, әрі салық базасын кеңейту жөніндегі қазіргі проблемаларды шешуге бағытталатын серпінді жобалар болып табылады.
- Сіз бір сұхбатыңызда «Мал шаруашылығын дамыта отырып, ауыл шаруашылығын өркендетудегі әлеуметтік мәселелерді шеше аламыз. Мұндағы басты проблема етті экспорттай алмайтынымызға тіреліп тұр. Неге? Себебі біздің ет экспортқа қажетті ветеринарлық стандарттарға сәйкес келмейді» деген едіңіз. Сіздің ойыңызша, бұл проблеманы қалай шешу қажет?
- Бүгінгі таңда мал шаруашылығының дамуы жыл сайын қарқын алып келе жатыр. Мемлекет тарапынан мал шаруашылығын қолдауға республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Осының нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласындағы субъектілердің әл-ауқаттары жақсарып, мал шаруашылығы өнімін өндірумен айналысатын жаңа шаруашылық субъектілерінің қатары көбейіп келеді. Осылайша ауылдық жерлерде қосымша жұмыс орындарының саны көбейіп, ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелері шешіліп жатыр. Отандық мал шаруашылығы өнімдерін бәсекелестікке сәйкестендіру және сыртқы рынокқа шығару Қазақстанның негізгі стратегиялық бағыты болып табылады. ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің деректері бойынша, 2008 жылы Қазақстаннан ТМД елдеріне 69 млн. 254,8 мың доллардың мал шаруашылығы өнімдері шығарылыпты. Оның ішінде құны - 866 мың доллар тұратын тірі мал, 1 млн. 269,6 мың доллар сиыр еті, 1 млн. 278,6 мың доллар құс еті, 3 млн. 75,9 мың доллар сүт және қаймақ өнімдері, 25,9 мың доллар жұмыртқа экспортталған. «Мал өнімдері корпорациясы» АҚ мал шаруашылығы өнімдерін сыртқы рынокқа шығаруға белсенді атсалысуда. Корпорация өткен жылы қазан айының ортасында қазақстандық етті Ресейге экспорттауға рұқсат алып, жылдың аяғына дейін 400 тонна сиыр етін экпорттады. Осы бағытты дамыту мақсатында 2008-2011 жылдары Корпорациямен «Экспорттық инфрақұрылымы дамыған бордақылау алаңдарының жүйесін құру» инвестициялық жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар, 2009 жылдан бастап ««ҚазАгро» холдингі ет комбинаттарын және модульдық мал сою бекеттері жүйесін құру бойынша ілкі жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі қарсаңында, қазақстандық ветеринариялық заңнаманы халықаралық нормалар мен талаптарға сәйкестендіру жүргізілуде. Бұл ретте, еліміздің ет өңдеу кәсіпорындары осы талаптарға сәйкес болуы керек. Экспортқа бағдарланған ет өңдеуші кәсіпорынға өз өнімін халықаралық рынокқа шығаруға мүмкіндік беретін халықаралық код (нөмір) беріледі. Халықаралық кодты алу үшін ет өңдеуші кәсіпорын ветеринариялық нормалар мен талаптарға сай болуы қажет.
- Тағы бір сөзіңізде ауылдық жерлердегі шағын несие беру институттарын жетілдіруде әлі де бірқатар кедергілер барын айтқан едіңіз...
-Халықтың жекелеген топтарының, соның ішінде бүгінгі күнгі банктік сектордың қаржылық қызметтерімен қамтылмаған ауыл тұрғындарының қаржылық-несиелік ресурстарына қол жетімділігін кеңейту мақсатында министрлік тарапынан ауыл тұрғындарын шағын несиелеу бойынша бюджеттік бағдарлама іске асырылып жатыр. Бұл бағдарламаны іске асыру кезінде жалпы сомасы 9,8 млрд. теңге болатын 50 мыңнан астам шағын несие берілді. Бұл орташа және одан кем табыстары бар үй шаруашылықтарының 4,5 пайызын шағын несиелермен қамтуға мүмкіндік берді. Бұл бағдарламаны іске асырудағы оң әлеуметтік-экономикалық салдарға қарамастан, бірқатар қиыншылықтар да орын алып отырғанын да айтып өткен жөн. Бұл негізінен осы шараларды жалғастыру үшін қаражаттың жеткіліксіз болуымен байланысты. Осы мәселенің өзектілігіне байланысты 2009 жылғы қаңтардың 19-да Үкімет басшысы К. Мәсімов өткізген селекторлық кеңесте ауылда шағын несиелеуді дамыту бойынша бірқатар шаралар қабылданды. Осылайша, ауыл халқына несие беруге арналған несиелік ресурстарды ұлғайту үшін 2009 жылы жергілікті бюджеттерден «Даму + аймақтар» бағдарламасы бойынша бөлінетін қаражаттарды ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін «ҚазАгро» холдингінің еншілес ұйымдарына беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» қоры ауыл тұрғындарын шағын несиелеу үшін Қазпоштаның филиалдық жүйесін тартатын болады, ал «Даму» қоры ауылдық шағын несие ұйымдарына қаржы қаражаттарын ұсынудың жеңіл тәртібін әзірлейді. Ауыл тұрғындарының әлсіз жіктерін шағын несиелеу үшін 2009 жылдың бюджетін нақтылау барысында қосымша қаражат іздестірілетін болады.
- Жақында, Сіз басқарып отырған министрлік Сауд Арабиялық кәсіпкерлер Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына қомақты қаржы құюға ниет білдіріп отырғаны туралы ақпарат таратты. Оларды біздің еліміздің аграрлық секторының қандай бағыттары қызықтырып отыр?
- 2008-2009 жылдары Қазақстанға Сауд Арабия Корольдігінің үкіметтік делегациялары келді. Сапар барысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің, «КазАгро» холдингінің ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының, «Ұлттық референттік лаборатория» мемлекеттік мекемесінің, «Фитосанитария» республикалық мемлекетік кәсіпорнының басшылығымен кездесулер өтті. Сондай-ақ, делегация Ақмола облысындағы мал шаруашылығы қожалықтарына барды. Сауд тарабы ауыл шаруашылығының басымды салаларымен және өзара тиімді ынтымақтастықтың мүмкін бағыттарымен таныстырылды. Осы жылғы 12 наурызда мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Экономика және жоспарлау министрі Халед Бен Мухаммад әл-Кусейбимен кездестім. Кездесу барысында Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің жай-күйі және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Көрсетілген сапарлар нәтижесі бойынша Сауд тарабының дәнді дақылдарды өндіру және экспорттау, мал шаруашылығы, асыл тұқымды мал өсіру, ветеринариялық препараттарды өндіру бойынша тәжірибе алмасу салаларына инвестициялар құюға қызығушылық танытқандығын атап өтуге болады.
- Премьер-Министрдің тапсырмасына сәйкес Сіз де жеке блогыңызды ашқан едіңіз? Осы бастама өзіңіздің, жалпы саланың жұмысына қандай да бір пайдасын тигізіп жатыр ма? Азаматтарымызды қандай мәселелер алаңдатады екен?
- Бұған дейін жұрт біздің министрліктің ресми сайты арқылы сұрақтарын жолдап, ұсыныстарын білдіріп жататын. Қазір де бұл үрдіс жалғасып келеді. Уақыт талабына сәйкес Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша мен де «блог» аштым. Бұрын жұмысқа келген кезде немесе жұмыстан кейінгі уақытта министрліктің сайтын қарап, ақпараттармен, келген сұрақтармен танысып отыратынмын. Сөйтіп сұрақтың мазмұнына қарай жауапты адамдарға тапсырма беретінмін. Одан әрі қалыптасқан жүйе бойынша жауап беріліп отыратын. Ал менің жеке блогым ашылғаннан бері кейбір мәліметтер болмаса, барлық сұрақтарға өзім жауап беремін. Кейде уақыт тапшылығына байланысты бір-екі күн кешігіп жауап бергендерім бар. Бірақ ең бастысы, менің блогыма келген сұрақтардың барлығына жауап берілді. Оның ішінде біздің салаға қатысты емес 4-5 сұрақ болды. Жалпы сұрақтар әртүрлі тақырыпта келді. Оның ішінде мал шаруашылығына, көкөніс кластеріне, субсидияның берілу тәртібіне қатысты мәселелер көп көтерілді. Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу, жұмысқа тұру сияқты мәселелерді де жиі қозғады. Сонымен қатар «ҚазАгро» Ұлттық Холдингі» АҚ-ның еншілес компанияларына қатысты, несие алудың тәртібі сияқты мәселелерге де тиісінше жауап бердім. Кейбір азаматтар нақты сұрақтарды емес, өздерінің жеке мәселелерін көтеріп жататын кездері де жиі кездесті. Жалпы маған да, менің оқырмандарыма да, блогтың пайдасы болмаса зияны тиді деп айта алмаймын. Өйткені мен министр ретінде кейбір мәселелердің неден туындайтынын тұжырымдадым.