Қазіргі жастардың зерттеу жұмысымен айналысуға мүмкіншіліктері мол - Гүлжан Айжолова

None
None
МАТЫ. 30 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жаһандану үрдісі барысында ұлттық экономиканың дамуында бірқатар мәселелер туындауда. Индустриалдық-инновациялық іс-әрекет пен өндіріс бәсекелестігінің деңгейін көтеруде жас ғалымдардың рөлі зор. Біз осыған орай ой-пікірімен бөлісу үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, География және табиғатты пайдалану факультеті студенттерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының жетекшісі Гүлжан Айжоловамен шағын сұхбат құрған едік.

- Гүлжан Ролланқызы, қазір жастарды ғылыми-ізденіс жұмыстарға тарту қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл туралы өз ой-пікіріңізбен бөліссеңіз?

Жас ғалымдарды еліміздің ғылыми мүкіншіліктерін дамытуға тарту үшін қазіргі таңда мемлекетіміздің тарапынан үлкен жұмыстар жүргізілуде. Мәселен өзім жұмыс жасайтын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Жас ғалымдар Кеңесі, Студенттік ғылыми қоғам мен тағы басқа да түрлі ғылыми орталықтар тұрақты түрде өз қызметін атқарып келе жатыр. Студенттердің және жас ғалымдар ғылыми-зерттеу жұмыстарын ынталандыру белсенді шығармашылық іс-әрекетке тартудың маңызды формасы болып табылады. Жоғары кәсіби мамандарды даярлауда оның рөлі өте зор. Сондықтан студенттерге құқықтары мен міндеттері туралы кеңес беріп, ғылыми үйірмелер мен кафедралардағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының өткізілу механизмі жайлы ақпарат беріледі. Ал олардың ғылыми ізденіс жұмыстары жыл сайын арнайы құрастырылатын жоспар бойынша жүргізіледі.

- География және табиғатты пайдалану факультетіндегі ғалымдардың орташа жасы қанша? Онда студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмысы қалай жүйеленеді?

Факультет бойынша жалпы 115 оқытушы бар, олардың орта жасы -50. Оның 50-і - жас ғалымдар. Олардың ішінде 15 география ғылымдарының кандидаттары, 1 PhD докторы және 4 PhD докторанты бар. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын және Жас ғалымдар кеңесін бақылау кеңестері атқарып келеді. Кеңестің іс-әрекеттері СҒЗЖ және ЖҒК жарғысы бойынша реттеледі. Жас ғалымдар мен студенттер жыл сайын әр түрлі халықаралық конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстел жиындарына қатысады. Атап айтқанда «География», «Гидрология», «Геодезия және картография» бойынша Қазақстанның студенттік олимпиадасына, «Жанданаев оқулары» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына, ҚР Тәуелсіздік күнінің 20-жылдығына арналған «Ғылым әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдар халықаралық конференциясы қатысты. Сондай-ақ «Климат және адамзат», Геодезия және картография даму жетістіктері және болашағы», «Туризмнің қазіргі даму перспективалары», «Қазақстандық туризмнің ел беделін қалыптастырудағы маңызы», «Экономикалық, әлеуметтік және саяси географиядағы ғылыми зерттеулер» деп аталатын ғылыми семинарлар өткізілді.

- Студенттердің және жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ынталандыру туралы ойыңызды тарқата түссеңіз?

Жастарды ғылыми-ізденіске белсенді тарту мақсатында бірінші курсқа түскеннен бастап әр студенттің ғылыми жұмысы жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Мысалы, факультет қабырғасында «География және табиғатты пайдалану факультетінің ең үздік бірінші курс студенті» атты байқауы, «Менің мамандығым» стенд-газеттер байқауы, «Халықаралық туризмді дамытудағы Қазақстан рөлі және мүмкіншіліктері» атты студенттердің ғылыми эссе байқауы өтті. Ай сайын жас ғалымдардың зерттеу тақырыптары бойынша баяндамалары тыңдалып, зерттеу жұмыстарының барысы жан-жақты талданып отырады. Студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми ізденіс жұмыстарының нәтижелерін қолданысқа енгізуге де жағдайлар жасалынып жатыр. Университет және факультет қабырғасында жыл сайын студенттер халықаралық конгресі өткізіліп келеді. Конгресте студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми ізденіс жұмыстарының нәтижесі жұртшылық назарына ұсынылады. Бұл болашақта әр жас ғалымның ғылыми-зерттеу жұмысын жетілдіруіне мүмкіндік береді.

- Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар