Қазкоммерцбанк қызметкері Ванкуверде олимпиада алауын алып жүру шарасына қатысты
АЛМАТЫ. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/- Ванкуверде XXI қысқы олимпиада алауын алып жүру рәсімі аяқталды. Бұл шараға Қазақстаннан «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның банктік төлем карталарын сату бөлімінің бастығы Нелли Азаева Қазақстан өкілі ретінде қатысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Нелли Азаева бұл шараға елімізден қатысқан жалғыз адам. Ол бұл шараға олимпиаданың бас демеушісі Visa төлем жүйесінің ұсынысымен қатысқан. Айта кетерлігі, төлем жүйесінің көмегімен ТМД елдерінен 2-ақ адам қысқы олимпиада алауын алып жүру мәртебесіне ие болды.
Олимпиада алауын алып жүру шарасы биыл 12 мың кезеңнен тұрды және 45 мың шақырымға созылған. Бұл қысқы олимпиада алауы тарихындағы ең ұзақ қашықтық. Олимпиада алауы былтырғы жылдың күзінде Грекияның Олимп кешенінде тұтанған болатын.
Нелли Азаеваның айтуынша, өзі алып жүрген салмағы 1,6 килә олимпиадалық алау тұғырын Қазкоммерцбанктің мұражайына табыстаған.