ҚазМұнайГаз 80 технологиялық жобаны жүзеге асырып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жалпы қаржыландыру көлемі 17,3 млрд теңге ғылыми-зерттеу жобалары кешенін жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында компания басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлім етті.
Оның айтуынша, аталған кешен 80 технологиялық міндетті қамтиды және тек компанияның емес, тұтастай саланың негізгі әрі жүйелі сын-қатерлерін шешуге бағытталған.
– Қорларды ұлғайту, мұнай өндіру тиімділігін арттыру, сондай-ақ көмірсутектерді терең өңдеу мақсатында өндірістік тізбектің барлық кезеңінде жаңа технологиялар тұрақты түрде іздестіріліп, енгізіліп жатыр, – деді ол.
Сонымен қатар Асхат Хасенов жобаларды іске асыруға еліміздің жетекші жоғары оқу орындары тартылғанын атап өтті. Бұл, оның сөзінше, мұнай-газ саласындағы ғылыми әлеует пен өндірістік қажеттіліктерді тиімді ұштастыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Үкімет басшысы Олжас Бектенов «ҚазМұнайГаз» басшысына отандық технологияға көбірек қаржы жұмсауды тапсырған еді.