Асхат Хасенов Жаңаөзендегі ереуіл туралы: Ешкімге қысым көрсетіп жатқан жоқпыз
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазмұнайгаз» компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов «Өзенмұнайгаз» компаниясына қарасты Бұрғылау басқармасының ереуілге шыққан жұмысшылары қашан толық жұмысқа оралатынын айтты.

БАҚ өкілдерімен кездесуде журналистер компания басшысынан талаптары орындалмағандықтан жұмысқа шығудан бас тартқан жұмысшылардың ендігі тағдыры не болатынын сұрады.
«Қазіргі ақпарат бойынша 160 адамның ішінде 19-ы жұмысқа шықты. Яғни, 141 адам жұмысқа шықпай жатыр. Жалпы «ӨзенМұнайГазды» айтсақ, 4770 адамның ішінде 4630 адам қазір жұмыста. Біз оларға ешқандай уақыт қойып отырған жоқпыз. Үнемі айтып жатырмыз. Қазіргі акция дұрыс еместігін түсіндіріп, оларды жұмысқа қосылуға шақырып жатырмыз. Яғни, олар міндеттерін толық атқару керек», - деді ол.
БАҚ өкілдері «Ереуілге қатысқан жұмысшылардың жұмыс беруші тарапынан қысым жасалып жатқаны туралы мәлімдемесінен кейін ішкі тексерулер жүргізіліп жатыр ма?» - деген сұрақ қойды.
«Ешқандай ішкі қысым жоқ. Оны мен сізге ресми айтып отырмын. Күнделікті кездесіп, ашық жұмыс істеп отырмыз. Бір ғана мекеменің өзінде 37 одақ, 3 үлкен кәсіподақ бар. Жұмысқа шығу қажет. Қосымша бір ұсыныстар, ескертулер болса, біз оларды ешқашан шектемейміз. Тікелей диалогқа дайынбыз», - деді Асхат Хасенов.
Ресми дерек бойынша Жаңаөзендегі мұнайшылардың соңғы ереуіліне алғашқы күндері 1 700 адам қатысқан.