«ҚазМұнайГаз» «Еуро-5» стандартына көшуге байланысты мұнай өңдеу зауыттарын жаңартуды ұсынады
АНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ «Еуро-5» стандартына көшуге байланысты мұнай өңдеу зауыттарын жаңартуды ұсынады. Бұл туралы бүгін Мұнай және газ министрлігінің алқа мәжілісінде аталған компанияның басқарушы директоры Данияр Тиесов мәлім етті.
«Біздің ресейлік және беларустық әріптестеріміз зауыттарының «Еуро-5» стандартына көшуі тиістігін жариялауда. Сонымен қатар аталған елдердің аумағында бұл стандартқа сәйкес келмейтін мотор майларын сатуға шектеу қойылады. Ал біздің жаңарту бағдарламамызға сәйкес, соңғы нәтиже - «Еуро-4», - деді ол.
Оның атап өтуінше, Мұнай және газ министрлігі зауыттарды жаңартудың соңғы кезеңінде «Еуро-5» стандартына көшу мүмкіндігін қарастыруы керек. «Бұл біздің ресейлік және беларустық зауыттармен бәсекелес болуымыз үшін қажет», - деді Д.Тиесов.
«ҚазМұнайГаз» өкілінің айтуына қарағанда, зауыттардың «Еуро-5» стандарттарына көшуіне мол қаржы керек әрі оның жаңару мерзімінің аяқталуын 2015 жылға дейін ұзарту қажет.