«ҚазМұнайГаз» неге ресейлік компанияларға әуес – Әсет Мағауовтың жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов ұлттық компанияның неге ресейлік компаниялармен әріптестікке әуестеніп кеткенін түсіндірді.

— Жыл басында «ҚазМұнайГаз» санкцияға байланысты қиындыққа тап болған «Лукойлдың» Болгариядағы мұнай өңдеу зауытын сатып алуы мүмкін деген ақпарат шықты. Одан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытын «Татнефтьке» сатады деген әңгіменің ортасында қалдыңыздар. Онымен қоймай «Самұрық-Қазынаның» құрамындағы шығынға батқан полимер зауытын сатып алып, 60 пайыз үлесін «Сибур» холдингіне саттыңыздар, — деді журналист.
Әсет Мағауов журналистің бұл уәжімен келіспейтінін айтты.
— «ҚазМұнайГаз» өз жұмысында тек ресейлік компаниялар емес, басқа да көптеген компаниямен жұмыс істеп жатыр. Еуропа болсын, Америка болсын, мысалы, Қытай компанияларымен жобаларды қарқынды түрде іске асырып жатыр, — деп жауап берді ол.
Сондай-ақ, ол Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесін сенімгерлік басқаруға алуға Қытай компаниясы да қызығушылық танытқанын мәлім етті.
— «Лукойл» мен Болгарияны айтсақ, зауыт бағасы арзан болса, конкурсқа қатысып көрейік деп шешкенбіз. Бірақ біздің ұсыныстар өтпей қалды. Атырау мұнай өңдеу зауытына «Татнефтьтен» басқа да компаниялармен талқыланып жатқанын айттық. Тек «Татнефть» емес, Sinopec Group сияқты компаниялар да сұраныс беріп жатыр. Расымен Polimer Production зауытының 60 пайыз үлесін «Сибурға» саттық. Өйткені бұл холдингтің мұнай-химия саласында тәжірибесі мол. Полимер жабын шығаратын зауыт екі жылдай тұрып қалды. Дамыту үшін көптеген инвестиция керек. «Сибурдың» инвестиция тарту жағынан, маркетинг жағынан тәжірибесі бар. Жобаға ақша салып, күш жұмсауға өз ұсыныстарын берді. Басқа компаниялар тарапынан ондай ұсыныс болған жоқ. Бір жылдың ішінде осы зауытты қайта іске қосамыз деген жоспар бар, — деді Әсет Мағауов.
Сондай-ақ, Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» компаниясы полиэтилен өндірісіне 11 млрд теңге инвестиция тартатынын айтылды.