«ҚазМұнайГаз» негізгі қаржылық және өндірістік көрсеткіштерде оң қарқынды сақтауда

АСТАНА. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еншілес және бағынышты ұйымдарының қатысуымен кеңейтілген кеңес болып өтті. Онда компанияның 2009 жылғы бірінші жартыжылдықтағы қаржы-шаруашылық қызметтерінің қорытындылары шығарылды,

«ҚазМұнайГаз» негізгі қаржылық және өндірістік көрсеткіштерде оң қарқынды сақтауда

деп хабарлады ҚазАқпаратқа «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Сыртқы факторлардың белгілі бір теріс ықпалдарына қарамастан, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ негізгі қаржылық және өндірістік көрсеткіштерінің оң қарқынын сақтауды жалғастырып отыр.

Жедел алдын ала деректер бойынша, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компанияларының топтары бойынша мұнай және газоконденсатын өндірудің жинақталған көлемі 2009 жылғы қаңтар-маусым айларында 9 млн. тоннаны құрады. Бұл 2008 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 пайызға артық.

Магистральды құбырырлармен мұнай тасымалдау 30,4 млн. тоннаны құрап, жоспарланғаннан 3 пайызға артты. Газ тасымалдау көлемі 46,5 млрд.текше метрге жетті. Мұнайды теңіз арқылы тасымалдау жоспарға қарағанда 23 пайызға артты, бұл орайда Ақтау-Махачқала, Ақтау-Нека және Ақтау-Баку бағыттары бойынша тасымал көлемі ұлғайды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру ауқымында мұнай өңдеу және мұнай химия саласындағы жобалар, ҚазМұнайГаз компаниялары топтарында сатып алуларда қазақстандық үлесті арттыру жұмыстары жалғастырылды. Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында «ҚазМұнайГаз» компаниялары топтары бойынша тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жеткізуде шарттардың жалпы көлемінде қазақстандық үлес 78 пайызды құрады немесе 214 млрд. теңгеге жетті.    

Компания тасымалдау бағыттарын дәйекті түрде әртараптандыруда. Биылғы жылдың бірінші жартысындағы маңызды оқиға «Кеңқияқ-Құмкөл» бағыты бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталуы және іске қосу-реттеу жұмыстарының басталуы болды. Ұзындығы 793 шақырымдық учаске «Қазақстан-Қытай» ауқымды мұнай құбырының жаңа бөлігі болып табылады.   

«ҚазМұнайГаз» ҰК»АҚ басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин ұлттық компанияның стратегиялық міндеттерінің арасында ірі үш мұнай-газ жобаларында (Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ) мемлекет мүддесін белсене қолдау және қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуды жүргізу екенін атап өтті.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы - Қазақстанның мұнай-газ салаларындағы мемлекеттің мүддесін білдіретін көмірсутегілерді барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдау бойынша қазақстандық ұлттық компания. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ акцияларының 100 пайызы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына тиесілі.