«Қазпошта» құрылған күніне орай мерекелік марка шығарды

Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мерекелік пошталық топтаманың шығарылымы 9 қазан - Дүниежүзілік пошта күніне арналып отыр. Қазақстанның пошталық әкімшілігі 1992 жылдан бастап Бүкіләлемдік пошта одағының мүшесі. Ал, 2012 жылы Бүкіләлемдік пошта одағының Доха қаласында (Катар) өткен 25-конгресінде «Қазпошта» АҚ-ның филателиялық топтамасы әлемдегі ең үздік топтамалардың бірі ретінде танылды.
Құрылғанына 20 жыл болған «Қазпошта» АҚ-ның құрылымында бүгінгі күні 17 мыңнан астам қызметкер қызмет етсе, пошта байланысы бөлімдерінің саны 2,5 мыңға жуықтады. Компания 6 мың елді мекенге қызмет көрсетеді.
«Қазпошта» - ең қажетті және көпшілік сұранысына ие қызметтерді ұсынатын әлеуметтік бағдарланған компаниялардың бірі, - деп атап өтті ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Сәкен Сарсенов. - Биылғы жылы «Қазпошта» Халыққа қызмет көрсету орталықтарының үлгісі бойынша қызмет көрсету сапасын арттырудың іс-шаралар жоспарын қабылдады. Жақын уақытта бірқатар бөлімдердегі қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейде болатынына сенімдімін».
Вице-министр компания бүгінгі күні 5 ауылдық бөлімде мемлекеттік қызметті көрсету бойынша ілкі жобаны жүзеге асырып жатқанын айтып өтті.
Бұдан бөлек, Сәкен Сарсенов «Қазпошта» өзінің логистикалық желілерін белсенді түрде дамыта отырып, Қазақстанда электрондық коммерцияның қарқын алуына айтарлықтай үлес қосады деген сенімін білдірді