Қазір жағдай өзгерді: депутат Аймағамбетов министр кезіндегі шешіміне қарсы шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Ғылым және жоғары білім министрлігіне магистратура мен докторантураға қабылдау тәртібін өзгерту мәселесі туралы депутаттық сауал жолдады.

Асхат Аймагамбетов
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Бекітілген талап бойынша магистратура мен докторантураға түсу үшін талапкерлер ағылшын тілінен емтихан тапсыруы міндетті. Оқу қазақ немесе орыс тілінде жүргізілсе де, бұл талап бәріне ортақ. Мысалы, қазақ филологиясы, этнография, музыка сияқты мамандықтарға түсетін жастар да алдымен ағылшын тілінен емтихан тапсыруы керек. Әрине, ғылыммен айналысу үшін ағылшын тілін білу маңызды. Себебі күн сайын жарияланып жатқан ғылыми жаңалықтардың көпшілігі ағылшын тілінде шығады. Оларды оқу, түсіну, пайдалану әр зерттеушіге қажет. Сондықтан бұл талап кезінде заманға сай, орынды шешім болды. Ашығын айтқанда, бұл талапты кезінде министр болғанда қолдаған да, бекіткен де өзім болатынмын. Алайда қазір жағдай өзгерді. Біз бес жыл ішінде жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық, технологиялық революция орын алды. Қазір ChatGPT, Gemini сияқты құралдардың көмегімен кез келген ағылшын мәтінін санаулы секундта, сапалы түрде қазақ немесе орыс тіліне аударуға болады, — деді А. Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, ағылшын тілі ғылым үшін әлі де қажет және қажет болады да. Бірақ қазіргі технологиялардың арқасында бұл талап магистратура мен докторантураға түсуге кедергі болмауы тиіс. Өйткені енді осы технологиялармен жастар ғылыми жұмысын бастай алады. Аталған талап (талапкерлердің ағылшын тілінен емтихан тапсыруы міндеті) студенттердің тілдік деңгейін айтарлықтай көтере алған жоқ. Ең қиыны — қазақ әдебиеті мен өнерін зерттегісі келетін жастар ағылшын емтиханынан өте алмағаны үшін магистратура мен докторантураға түсе алмай жүр.

— Не істеу керек? Әрине, ағылшын тілін қолдай отырып, бұл талаптарды өзгертуіміз керек. Біріншіден, ағылшын тілін ерте — мектептен бастап сапалы түрде оқытуды әрі қарай күшейту қажет. Кезінде Президенттің тапсырмасына сәйкес, 3-4 сыныптар мен
10-11-сыныптарда ағылшын тілі сағатын аптасына 3 сабақтан 5 сабаққа дейін көбейтуді қолға алғанбыз. Бірақ бұл бастама толық іске аспады. Осы бағытты нақты іске асыруымыз керек. Екіншіден, оқыту тілі қазақ немесе орыс тілінде жүргізілетін бағыттарда ағылшын тілінен емтиханды түсу кезінде емес, оқу аяқталған соң тапсыруды қарастырған жөн. Ал сол кезеңге дейін ағылшын тілін бакаларвриат, магистратура мен докторантураның оқу бағдарламасына кіргізіп, тереңдетіп оқытқан дұрыс. Сонда нақты нәтиже болады. Үшіншіден, ағылшын тілінде оқытатын немесе қос дипломды бағдарламалар мен филиалдар үшін бұл талапты керісінше күшейткен жөн, яғни әр бағытқа қарай саралау қажет. Төртіншіден, Scopus пен Web of Science базаларында мақала жариялау талабын да мамандықтың ерекшелігіне қарай қарастырған жөн. Мысалы, қазақ филологиясы, музыка сияқты салаларда балама жолдар ұсынылуы тиіс. Бастысы — диссертацияның сапасы мен ғылыми ортаға қосқан нақты үлесі маңызды. Оны конференцияларда талқылау мен ғылыми жұмыстың нақты пайдасы керек, — деді депутат.

Бұған дейін «Болашаққа» ауылдық квотамен қатысатындарға ағылшын тілін білу талаптары жеңілдейтінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар