Қазіргі балаларда әлеуметтік жауапкершілік төмен - психолог

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршін екі айдың ішінде жаңа тәртіпке бейімделіп, оқу үрдісіне қосылуы керек. Алайда бүлдіршіннің әлі күнге дейін оқуға зауқы болмаса, қыңырланып, мектепке барғысы келмей жыласа – бұл дұрыс емес. Психолог Мария Гейн баланың сабаққа ынтасы болмауының себептерін түсіндірді.

психолог
Фото: Мария Гейннің жеке мұрағаты

— Баланың сабаққа зауқы болмауына не себеп?

— Біріншіден, балаға белгілі бір даярлықтан өтпегендіктен қиын болуы мүмкін, мәселен дамыту орталықтарына барған жоқ. Сондықтан жаңа сабақты түсінбейді, қабылдай алмайды. Неврологиялық себептер де болуы мүмкін. Балалардағы мидың минималды дисфункциясы (MMD) деген бар. Мұндайда эмоционалды тұрақсыздық, ұйқының бұзылуы, моториканың дұрыс жетілмеуі, сөйлеу дағдыларының және оқудан артта қалу сияқты белгілері болады. Бұл — жүйке-психиканың ерекшелігі кең таралған, бірақ бұл — ауру емес. Ауыр босанғанда немесе жүктілік қиын өткенде баланың неврологиялық кейбір нейрондары дұрыс жұмыс істемейді. Мұндайда басқа нейрондар өз міндетімен қатар жұмыс істемейтін нейрондардың да функциясын қоса атқарады. Салдарынан нерв жүйесі күш-қуатының басым бөлігі ми дұрыс жұмыс істеуі үшін жұмсалып, жүйке шаршайды.

Мұндай неврологиялық фактор қазіргі уақытта менің тәжірибемде жиі кездеседі. Әрине, салдарынан баланың энергиясы бірнеше сабаққа жетпейді, сондықтан ол терезеге қарайды, сабақты оқығысы келмейді. Яғни оған тапсырманы орындау қиын.

Балада әлеуметтік жауапкершілік жоқ болғандықтан да оқығысы келмеуі мүмкін. Бұл да кең таралған. Ата-аналар маған балаларын әкелген уақытта «балам мектепке барғысы келмейді, қыңырланады, басқалармен төбелеседі» дейді. Мұндайда мен олардан баланың белгілі бір міндеттері бар ма, ол міндетті орындамаса жазалайсыздар ма, үйде тыйым салынған әрекеттер бар ма, әлде бәріне көз жұма қарайсыздар ма деп сұраймын. Әңгіме барысында ата-ана баласы үшін барлығын өздері істейтіндігі, яғни оған ешқандай жауапкершілік артылмағандығы анықталады. Салдарынан балада әлеуметтік жауапкершіліктің жетіспеушілігі туады. Үйдегі жағдайды мектепте де қайталап, түк істегісі келмейді. Мұғалім, әрине оны жай отырғызып қоймайды, осыдан кейін бала үшін мұғалім жаман, оның мектепке барғысы келмеуінің бір себебі осы болуы мүмкін.

Бала мектептегі ұжымына қатысты да барғысы келмеуі мүмкін. Ұстазы авторитарлы болса немесе үйдегі эмоционалдық жағдайға байланысты, ұрыс-керіс, проблемаға, жалпы қолайсыз жағдайға наразылық ретінде де оқығысы келмейді.

Яғни, сабақты оқығысы келмеуінің бірнеше себебі болуы мүмкін, сондықтан, мәселенің мәнісін білу қажет.

— Балаға үй жұмысын мәжбүрлі түрде орындатқан дұрыс па?

— «Мәжбүрлеу» деген сөзді қолданбас бұрын, алдында айтқаныма оралсақ — баланың әлеуметтік жауапкершілігі. Баланың күнделікті міндеті болуы керек, орындамаған жағдайда жазасы болуы қажет. Осындайда ғана бала бойында жауапкершілік қалыптасады. Бала мектептен келісімен өзіне жүктелген міндетті орындап, ешқандай мәжбүрлеусіз үй тапсырмасына кіріседі. Ата-ананың міндеті — үйге берілген тапсырманы қорқытып, мәжбүрлі түрде істету емес, балаға оның өзіне бекітілген жауапты міндет екенін түсіндіріп, қалыптастыру.

Жалпы, егер бала бұрын ешқандай дамыту орталықтарына бармаса, үй жұмысын істеп көрмесе, әрине, көмектесіп, тапсырманы онымен бірге отырып орындау керек. Барса да, 1-сынып оқушысына ата-ананың көмегі қажет, бақылау керек.

— Баланың мектеппен қандай да бір мәселесі бар екенін қалай білуге болады?

— Баланың жүріс-тұрысында, өзін ұстауында өзгерісті байқасаңыз оған әрекет ету маңызды. Мысалы бұрын көңілді жүріп, соңғы уақытта мінезі тұйықталса, ұйқысы бұзылса немесе көп ұйықтап, тамақ ішпесе, яғни бала бойындағы қандай да бір күрт өзгеріс — біздің араласуымызды қажет етеді.

Ең алдымен әрине баламен ашылып сөйлесу керек, айтса жақсы, ал егер не болып жатқанын өзі түсінбесе, не болмаса айта алмаса психологқа барған дұрыс.

— Бала агрессиясы қайдан пайда болады, онымен қалай күресу керек?

— Бала бойында не бар, оның бәрі — ата-анасынан. Денсаулығына қатысты, неврологиялық мәселелерді қарастырмағанда. Маған осындай мәселемен келгенде, мен көп жағдайда әке-шешесін тексеремін. Ата-ананың қарым-қатынасы, баланы тәрбиелеудегі олқылықтар анықталып жатады. Олар — әке-шешесінің авторитарлығы, фрустрация — баланың сұранысын қанағаттандырмау, яғни бір затты қатты қалап сұрады, бірақ оны алып бермеді.

Мектептегі буллинг те себеп болуы мүмкін. Бала мұғаліміне немесе сыныптастарына жауап бере алмайды, ішінде булығып, кейін бір әлеуметтік ортада жиналған агрессиясы шығуы мүмкін.

— Ата-ана баласын қалай тыңдата алады?

— Баланың әлеуметтік жауапкершілігі болмай, оны тәртіпке салу қиын. Оның күн тәртібі, белгілі бір міндеттері, жаза — ұрып-соғу емес, мысалы мультфильм көру уақытын шектеу немесе ойнауға жібермеу сияқты, ынталандыру болу керек. Ойыншық, ұнаған заттарын бей-берекет әпере бермей, белгілі бір мерекеге орайластыру. Ақшаны жаратуды үйрету, бір аптаға белгілі бір соманы беріп, еркіндік беру. Ол осылайша жоспарлап үйренеді. Мысалы дүкенге барғанда тәтті алып беруді сұраса, оны өзіне бөлінген ақшадан алуды ұсыну. Барлығын бірден жұмсап қойса, келесі жолы үнемдейтін болады. Бала теріс әрекеттерінің салдарын көріп, сезінуі керек.

— Бізге уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!