Қазіргі Эль-Ниньо тарихтағы ең күшті құбылыстардың біріне айналуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Тынық мұхитында қалыптасып келе жатқан Эль-Ниньо бақылау тарихындағы ең күшті құбылыстардың біріне айналуы мүмкін. Мұндай ескертуді Ұлыбританияның Метеорологиялық қызметі (Met Office) жасады, деп хабарлайды Анадолу.
Met Office мәліметінше, күшейіп келе жатқан Эль-Ниньо жаһандық температураның көтерілуіне ықпал етіп отыр.
Болжам бойынша, XIX ғасырдан бергі ең ауқымды құбылыстардың біріне айналуы ықтимал Эль-Ниньо 2027 жылы әлемде температураның рекордтық көрсеткіштерге жетуіне себеп болуы мүмкін.
Met Office-тің ұзақмерзімді болжамдар бөлімінің басшысы Адам Скайф қалыптасып келе жатқан Эль-Ниньоны «бұрын-соңды болмаған құбылыс» деп сипаттады. Оның айтуынша, болжамдарда Эль-Ниньоның мұншалықты күшті белгісі бұрын байқалмаған.
Сондай-ақ Эль-Ниньо салдарынан болатын құрғақшылық, су тасқыны мен аптап ыстық айтарлықтай экономикалық шығын әкелуі мүмкін.
Еске сала кетсек, БҰҰ Эль-Ниньо салдарынан тағы 49 млн адам азық-түлік тапшылығына ұшырауы мүмкін екенін мәлімдеді.