«ҚазСат-2» инновация саласына серпін берсе игі болар еді...
АНА. 18 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Өткен сенбіде, 16 шілде күні еліміз үшін айтулы оқиғаның бірі болып табылатын тарихи шара өтті.
Астана уақыты бойынша таңғы сағат 5-тен 16 минут кеткенде Байқоңыр ғарыш айлағындағы ұшыру алаңынан «ҚазСат-2» қазақстандық жер серігі ғарыш орбитасына сәтті көтерілді. «Протон-М» зымыран тасығышы арқылы «ҚазСат-2» спутнигімен қатар ғарыш кеңістігіне америкалық «ОС-2» телекоммуникациялық жер серігі де жеткізілді.
Осынау салтанатты шараны Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов және Қазақстан мен Ресей ұлттық ғарыш ведомстволарының басшылары Талғат Мұсабаев пен Владимир Поповкин бастаған делегация ұшыру алаңында тамашалады. Ал қалың жүртшылық «ҚазСат-2-нің» ғарышқа самғау барысын алғаш рет «Twitter» әлеуметтік желісі арқылы он-лайн режимде бақылады. Ұлттық жерсеріктің көкке көтерілуі туралы жазбасында Үкімет басшысы : «Спутник ойдағыдай ұшырылды. Қайырлы таң, ел! Барлығыңа тамаша демалыс күндерін және «ҚазСат-2-нің» ұзақ жыл ұшуын тілеймін», - деп жазды. Кейін «160 секунд. Ұшу одағыдай өтуде» деп қосты. Жалпы Байқоңырдан ғарышты бетке алып көтерілген «Протон-М» өз сапарының 600-ші секундында орбитальды блок зымыран тасығышының үшінші сатысынан штаттық режимде ажырады. Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың хабарлауынша, орбитаға жеткізілген қазақстандық жер серігімен жұмыс штаттық режимде жүргізілуде. Ғарыш аппараты бір айдың ішінде шығыс бойлық бойынша ғарыш кеңістігін кезе жүріп 86,5 градустық өз орбитальдық нүктесіне жетуі тиіс. Содан кейін барып аппарат жүйесі екі ай бойына сынақтан өткізіледі. Ал 2011жылдың қазан айында ресейлік мамандар қазақстандық жерсерікті Қазақстанның ғарыш байланысы республикалық орталығының мамандарына тапсыратын болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін ғарышқа ұшырылған қазақстандық тұңғыш жер серігі - «ҚазСат-1» жер серігінің жолы болмаған еді. Түрлі себептермен ғарышты кезіп, хабарсыз кеткен жер серігінің кемшіліктері екінші спутник - «ҚазСат-2-ні» әзірлеу барысында барынша ескерілді. Сондықтан да, 2006 жылы «ҚазСат-2» келісіміне қол қойылып, оны игеруге 5 жылға созылып кеткен тәрізді. Жан-жақты пысықтай түсу керектігі себебінен «ҚазСат-2-ні» ұшыру төрт мәрте кейінге шегеріліп келді. Бұрынғы жерсерікті пайдалану мен ұшыру кезінде кеткен кемшіліктер ескеріле отырып, екінші спутниктік жоба бірнеше мәрте қайта өңделді. Соның нәтижесінде күні кеше көкке самғаған аппаратты толық жасап шыққан Ресейдегі М.В. Хруничев атындағы ғылыми-өндірістік орталық жер серігінің кемінде 12 жыл қызмет ететініне кепілдік беріп отыр. Сосын жетілдіру барысында «ҚазСат-2» элементтік базамен толықтырылды, жаңа үлгідегі басқару алгоритміне ие болды. Бұнымен қоса аппараттың күші артып, транспондерлерінің жиынтық қуаты 4,5 киловатқа дейін ұлғайған. Тоқтала кететін жайт, белгіленген нүктеге жеткенге дейін «ҚазСат-2» 6 тәулік бойы ұшу кезінде де сынақтан өтеді. Сынақ уақытында ғарышта жүрген зымыран өз міндеттерін ойдағыдай атқарып шықса, спутник көп ұзамай геостационарлық орбитаға ойысады. Ал Қазақстан жерсерігінің жұмыс істейтініне әбден көзі жеткенде барып басқару тізгінін өз қолына алады. Сондықтан, толық басқаруға дейінгі қазіргі уақытша жұмыстармен Ресейдің М.В. Хруничев атындағы ғарыштық байланыс орталығы айналысатын болады. Дегенмен, мамандардың пікірінше, жасанды жер серіктің пайдалы қызмет ауқымын тексеру үшін де біршама уақыт қажеттігін алға тартады.
Құдай сәтін салып, «ҚазСат-2» ғарыштағы самғау жұмыстары толық жалғасса оның келешектегі ақпаратттық-телекоммуникациялық даму саласына берер жемісі де зор болмақ. Ең бірінші қазақстандық спутник Қазақстан, Орталық Азия мен Ресейдің біршама аумағына арзан әрі сапалы байланысты қамтитын болады. Мәселен, бүгінгі күні елдегі хабар тарататын телеарналар мен байланыс операторлары бағасы жағынан айтарлықтай қымбат шетелдік жер серіктеріне ұзағынан тәуелді. Ал «ҚазСат-2» іске кіріскеннен бастап, хабар таратушы операторлар Қазақстанның спутнигінің қызметін кеңінен пайдалануға көше бастайды. Жерсеріктің тұрғындарға көрсетілетін ақпараттық қызмет түрлерін кеңейтуге де мүмкіндігі зор болмақ. Бұл ретте Интернет, желілі телефон, телехабар тарату сияқты байланыс түрлерінде технологиялық һәм сапалы қадам жасалады, тарифтер арзандайды. Ауа-райын болжау секілді ақпарат алмасу дүниелеріне есік ашылады. Отандық мамандар ғарыштық игеру жұмыстарына да қызығып, оған тарту шарасы да жүзеге аспақ.
Жалпы Қазақстан үшін екінші жер серігінің ұшуын салмақты инновациялық серпін деуге келеді. Бұндай білікті қадам арқылы еліміз заманауи спутниктік, байланыстық технологияларды да өз иелігіне алады. Теллекоммуникациялық-байланыс саласындағы аппаратты басқару бағытында жоғары білімді мамандарды даярлауды да жолға қояды. Ал алдағы уақытта сол мамандар қазақстандық интеллектуалды элитасының елеулі бөлігін құрауы әбден мүмкін. Ғарыштық сапары сәтті болса, 2013 жылдың желтоқсан айына қарай «ҚазСат-3» жер серігін ұшыру да жоспарлануда. Мәліметтерге сүйенсек, үшінші қазақстандық жер серігін құрастыру мен жасау туралы келісім-шартқа Францияның «ле Бурже» аэроғарыш салонында қол қойылған. Соған орай, «ҚазСаттың» үшіншісі Ресейдің Красноярск қаласындағы академик Решетнев атындағы ғылыми-өндірістік бірлестікте жасалатыны жоспарлануда.
ҚазАқпарат анықтамалығы:
«ҚазСат-2» қазақстандық жасанды жер серігінің құны -115 млн. доллар шамасында. Спутниктің массасы - 215 келі; Орбитадағы массасы - 1330 келі; Орбитасы - геостационарлық орбита; Орналасу нүктесі - 86,50 шығыс бойлақ; Жиілік диапазоны - Кu диапазоны (107 ГГц пен 12,7 ГГц аралығы); Қызметтік мерзімі - 12-14,5 жыл; Сигнал қабылдағыш-жібергіштер саны - 20 (16 негізгі, 4 қосалқы); оның ішінде: спутниктік байланыс - 12, телехабар тарату - 4.