«Қазсушар» филиалдарына жеті жаңа жерснаряд беріледі
АСТАНА. KAZINFORM - «Қазсушар» филиалдарына ірі су қоймалары мен каналдарды тазартатын жеті жаңа жерснаряд беріледі.
Cу ресурстары және ирригация министрлігі мәліметінше, биыл «Қазсушар» РМК техника паркі су қоймаларын кешенді тазарту мақсатында жеті жаңа жер снарядтарымен және бір сервистік буксир-қайықпен толығады.
Төрт жерснаряд «Қазсушардың» Түркістан филиалына беріледі. Олар «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналы, Көксарай контрреттегіші және Шардара су қоймасын тазартуға пайдаланылады. Бір-бір жерснаряд Жамбыл филиалына Тасөткел су қоймасын тазарту үшін, сондай-ақ Қызылорда филиалы мен «Қ.И.Сәтбаев атындағы канал» филиалына көктемгі су тасқынынан кейін каналдарды тазалау жұмыстарына беріледі.
Ал сервистік буксир-қайық Астана су қоймасын тазартуға бағытталады.
Еске салсақ, былтыр «Қазсушардың» Ақмола филиалы осы нысанды соңғы 55 жылда алғаш рет тазарту жұмыстарын бастаған болатын. Нәтижесінде су қоймасының сыйымдылығын 47 млн текше метрге ұлғайту жоспарланған. Бұл елорда тұрғындарын сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді.
– Жаңа арнайы техниканың құрамына амфибиялық, дизельді өздігінен жүретін және фрезерлік жерснарядтар кіреді. Бүгінде олардың біреуі Түркістан облысына жеткізілді. Бұған дейін кәсіпорын теңгерімінде осындай төрт техника болған. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде жерснарядтар саны шамамен үш есе артып, су нысандарын сапалы әрі уақытылы тазартуға мүмкіндік туады, – деді «Қазсушар» РМК бас директоры Ануар Өскенбаев.
Айта кетейік, елімізде суару каналдары жаңа технологиямен бетондалуы мүмкін.