Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазталов аудандық ауруханасы 16 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді

ОРАЛ. 5 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазталов аудандық орталық ауруханасы 16 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді.

Қазталов аудандық ауруханасы 16 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді

Орталық ауруханада 24 жоғары білімді дәрігер жұмыс жасаса, соның 10-ы - жоғары санатты. Сондай-ақ 114 орта буын медицина қызметкері бар.

Аурухана директоры, аудандық мәслихат депутаты Қайырбай Алтаевтың айтуынша, ұжым «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен жылдар ішінде тұрғындар денсаулығын сақтау немесе түрлі аурулардың алдын алу бағытында біршама істер атқарды. Осы орайда өткен жылы скринингтен 1518 адам қан тамырлары ауруы түрлерінен тексеруден өткізілсе, соның 105-інің ауыратыны анықталып, олар ем алуда. Сондай-ақ бұл күнде адамдар арасында үлкен алаңдаушылық туғызып отырған обыр ауруының алдын алу бағытында 499 адам тексеруден өткізіліп, 27-сінде ауру белгілері анықталса, ал 543 әйел адам жиі шалдығатын аналық безі ауруы тексеруінен өтіп, 12-сі емделуге жіберілді. Сонымен қатар 4308 жасөспірім скринингтен өткізілді.

Аудандағы шалғай ауылдың тұрғындары да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Тек өткен жылы 1802 ересек адам және 1776 жасөспірім жылжымалы стоматология қызметін пайдаланды. Орталық ауруханада өткен жылы портал бойынша облыстық ауруханада - 148, Астанада - 4, Алматыда - 1, Жаңақала сауықтыру орталығында - 104 адам ем алса, Қазталов ауруханасында 1809 адам емделіп шықты. Сондай-ақ аурухананың күндізгі бөлімінде - 3563, ал үйде 81 адам ем қабылдады. Жалпы, ауданда әр мың адамға есептегенде, адам өлімі 6,6 көрсеткішті құрап отыр.

Ауданда қан қысымы, обыр аурулары, зерттеу көрсетіп отырғанындай, төмен болса, өкпе ауруынан қайтқандардың жоқтығы көңілге қуаныш ұялатады.

Қай жерде болмасын, сол елдің болашағы сәбилердің дүниеге келу көрсеткішімен өлшенеді. Осы орайда 2012 жылы 308 сәби дүниеге келсе, 2013 жылы бұл көрсеткіш 323-ке жетті. Жаңа жылда 346 әйел жүктілікпен есепке алынған.

Орталық аудандық аурухананың материалдық базасы жылдан-жылға нығайып келеді. Мәселен, жылжымалы медициналық кешен автокөлігі және маммограф, велорегометрия аппараттары алынды. Енді аудан тұрғындары ауырғанда облыс орталығына бармай, ауруын жергілікті жерден анықтауға мүмкіндік бар.

Аурухана жыл сайын жас мамандармен толыға түсуде. 2012 жылы Александр Сидоров есімді оташы дәрігер келсе, өткен жылы тағы да екі жас маманмен толықты. Ақтөбе медицина академиясын бітірген Альбина Әйтімова жаңадан салынған Қошанкөл ауылындағы амбулаторияға дәрігер болып барса, Тілек Әдиетов оташы қызметіне кірісті. Жалпы, алдағы уақытта ауданда жоғары білімді дәрігерлерге деген сұраныс азаяды деп күтілуде. Өйткені Қазталов ауданынан медициналық жоғарғы оқу орындарында 30 түлек білім алуда. Күні бүгін ауруханаға анестезиолог, лор, акушер-гинеколог, кардиолог сынды мамандар қажет.