Қазталов ауданына жаңа әкім тағайындалды
ОРАЛ. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Қазталов аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысып, Табылғали Сапаровтың кандидатурасын аудан әкімі қызметіне ұсынды. Депутаттар облыс әкімінің ұсынысын қолдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке сілтеме жасап.
Осыдан кейін болған аудан активінде жаңа әкім таныстырылып, бұрын осы қызметті атқарған Есентай Қалиевке алғыс білдірілді.
Табылғали Сапаров 1954 жылы дүниеге келген. Комсомол қатарында шыңдалып, лауазымды қызметтер атқарған ол 1992-1994 жылдары Тасқала ауданын басқарып, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Содан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, бастығы, Зеленов ауданының әкімі, облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат хатшысы болған Т.Сапаров 2007 жылдан БҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы қызметін атқарды.