«KazToxBase» токсикологиялық ақпараттық орталығы жұмысын бастады

орталық
Фото: ҚР ПІБ МО СЭСО

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы базасында «KazToxBase» токсикологиялық ақпараттық орталығы ашылды. Соңғы үлгідегі заманауи қондырғылармен жабдықталған жаңа орталық Еуропалық Одақпен бірлескен жоба аясында жүзеге асып отыр.

Орталықтың ашылу салтанатына Еуропалық комиссияның өкілдері және бірқатар елден келген құрметті меймандар қатысты. Лентаны қию бақыты ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының орынбасары Людмила Бюрабекова мен Еуропалық комиссия сыртқы саясат құралдары қызметінің бағдарлама менеджері Мария Роса Сабателлиге бұйырды.

Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының директоры Сәуле Шәріпованың айтуынша, токсикологиялық ақпараттық орталығының жұмысы TOXBASE халықаралық базасының деректері негізінде жүзеге аспақ. 

орталық
Фото: ҚР ПІБ МО СЭСО

«Мұнда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына негізінде химиялық уланудың алдын алу, диагностикалау және емдеу мәселелері бойынша пациенттер мен медицина қызметкерлеріне консультациялық көмек көрсетіледі. Жаңа орталық Қазақстанға химиялық улану мәселелері бойынша медицина қызметкерлерінің құзыреттілік деңгейін арттыруға және оларды үздік әлемдік тәжірибелер мен халықаралық стандарттар бойынша оқытуға мүмкіндік береді», - деді Сәуле Шәріпова.

Оның айтуынша, жаңа орталықтың іске қосылуы ауруханалардағы жүктемені біршама азайтып, экономикалық тұрғыдан да тиімді болмақ. Бұған дейін диагноз қою қиынға соқса, ендігі жерде TOXBASE халықаралық базасының деректері негізінде ауруына ем іздегендерге барынша көмек көрсетілмек. 

орталық
Фото: ҚР ПІБ МО СЭСО

Әзірге мұнда екі білікті токсиколог маман жұмыс істейді. Кадр демекші, мұнда халықаралық тренинг орталығы да өз жұмысын бастағанын атап өткен жөн. Бұл орталықтың ашылуы түрлі кәсіптердегі санитариялық дәрігерлердің, токсикологтардың, экологтардың, зертханалық қызмет мамандарының және бизнес өкілдерінің қоғамдық денсаулық сақтаудың өзекті мәселелері бойынша білімін жетілдіруге мүмкіндік беріп, еліміздің түкпір-түкпірінде білікті кадрлардың қатары артады деген сенім мол. 

орталық
Фото: ҚР ПІБ МО СЭСО

Еуропалық комиссия сыртқы саясат құралдары қызметінің бағдарлама менеджері Мария-Роза Сабателли токсикологиялық ақпараттық орталықтың ашылуы Қазақстанның денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға деген оң көзқарасын білдіретінін атап өтті. 

орталық
Фото: ҚР ПІБ МО СЭСО

«Мұндай орталық жуырда Пәкістанда ашылды. Енді, міне, Қазақстанда да өз жұмысын бастағалы тұр. Орталықтың ашылуы адамдарды өлімнен құтқаруға деген талпыныс деп бағаласақ болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына да сәйкес келетінін атап өткен жөн. Біз өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетіп, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», - деді Еуропалық комиссия сыртқы саясат құралдары қызметінің бағдарлама менеджері Мария Роса Сабателли.

Соңғы жаңалықтар