Kaztraffic-2025: 300-ден аса компания Астанада жол саласының инновацияларын таныстырады
АСТАНА. KAZINFORM — 19–21 қараша аралығында Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында Көлік министрлігінің қолдауымен «Kaztraffic-2025» ХХІ Халықаралық көрмесі өтеді.
Көлік министрлігінің мәліметіне сәйкес, аталған іс-шара — ТМД кеңістігіндегі жол құрылысы мен инфрақұрылымын дамытуға арналған ең ірі және беделді салалық көрме болмақ.
Биыл көрмеге Қазақстан, Қытай, Түркия, Италия, Франция, Канада, Өзбекстан және өзге елдерден 300-ден астам компания қатысады.
Көрмеде жол-құрылыс техникасы мен материалдарының соңғы үлгілері, ғылыми-зерттеу орталықтарының жаңа әзірлемелері және инновациялық цифрлық шешімдер таныстырылады. Қазақстандық ғалымдар мен инженерлер әзірлеген бірқатар жобалар алғаш рет көпшілік назарына ұсынылады.
Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты жол-құрылыс материалдарының бірыңғай деректер базасы, көпірлерді пайдалану жүйесі және көше-жол желісін басқару жобаларын таныстырса, Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы ақауларды автоматты тану, техникалық құжаттаманы цифрлық сараптау және виртуалды тренажер секілді цифрлық жүйелерді көрсетеді.
Сонымен қатар «Астана Тазалық» жасанды интеллектке негізделген жаңа буындағы автоматтандырылған тазалық техникасын ұсынады. Көрмеге әлемнің түрлі елдерінің жол әкімшіліктері, салалық одақтары мен қауымдастықтары қатысады.
«Kaztraffic-2025» көрмесі аясында Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты мен Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы өздерінің жаңа әзірлемелері мен заманауи шешімдерін ұсынады.
Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты келесі жобаларды таныстырады:
• жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай деректер базасы;
• көпір құрылыстарының пайдаланылуын басқару жүйесі;
• елді мекендердің көше-жол желісін ұйымдастыру және басқару жүйесі;
• Қазақстан Республикасының жол саласы мамандарының бірыңғай базасы;
Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы келесі цифрлық шешімдерді ұсынатын болады:
• жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптауды цифрландыру жүйесі;
• жол-құрылыс материалдарының сынамаларын анонимді таңбалау жүйесі;
• орташа жөндеу жобаларының техникалық құжаттамасын қабылдау және сараптауға арналған электрондық платформа;
• жол ақауларын автоматты тану жүйесі;
• жолшы мамандарды оқытуға арналған виртуалды тренажер;
• орташа жөндеу жобалары бойынша атқарушы құжаттаманы бақылаудың ақпараттық жүйесі.
Бұдан бұрын Қазақстан Шанхайдағы көрмеде төрт алаңда өз өнімдерін ұсынғаны хабарланды.