«Қазцинк» кәсіпорнындағы жарылысқа байланысты жедел желі іске қосылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында «Қазцинк» кәсіпорнындағы жарылысқа байланысты жедел желі жұмыс істеп тұр.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, оқиға орнында апат салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Жалпы саны 80 адам мен 18 техника тартылған. Оның ішінде командалық-штабтық көлік пен ТЖМ ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Қазіргі уақытта үйінділерді аршу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Жарылысқа байланысты жедел желі де іске қосылған. Оған 8 (7232) 55-38-19 телефон нөмірі арқылы хабарласуға болады.
Еске салсақ, осыған дейін «Казцинк» кәсіпорнындағы жарылыстың себебі анықталып жатқаны хабарланған.
Жарылыс салдарынан екі адам көз жұмып, бес адам жарақат алғаны белгілі болды.
Сондай-ақ жарылыс кезінде цех опырылып, қауіпті аймақта 32 адам болғаны хабарланды.