«Қазцинк» кәсіпорнындағы жарылыстан қаза болғандардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында «Қазцинк» кәсіпорнындағы жарылыстың себебін анықтау үшін ведомствоаралық комиссия құрылады.
«Қазцинк» кәсіпорында болған жарылысқа байланысты ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасымен жедел штаб отырысы өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов төрағалық етті.
Аймақ басшысы өз сөзінде үйінді астында қалған зардап шеккендерді іздеу жұмыстарын жалғастырып, апат толық жойылғанға дейін ТЖД қызметкерлерінің сол жерде болуы қажеттігін жеткізді. Ал жарылыстың нақты себебін анықтау үшін ведомствоаралық комиссия құрылады.
- Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жазатайым оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құруы тиіс. ШҚО Экология департаменті апатты жою штабы жұмыс істеген кезеңде атмосфералық ауа сапасына үздіксіз экологиялық мониторинг жүргізуі қажет. Қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Өндірістік циклдің одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігін бағалау бойынша тиісті шаралар қабылданбақ. Сондай-ақ кәсіпорындағы қауіпсіздік техникасының сақталуына бақылау күшейтіледі.
Еске салсақ, осыған дейін «Қазцинк» кәсіпорнындағы жарылыстан екі адам қаза болып, бесеуі зардап шеккені хабарланған.