«Қазцинкті» Шахмұрат Мүтәліптің сатып алатыны рас па — министр жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев «Қазцинк» және «Қазақмыс» компанияларының иесі ауысатыны туралы мәліметтерге пікір білдірді. 

Ерсайын Нағаспаев
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Швейцарияның Glencore Plc компаниясына тиесілі «Қазцинк» акцияларының 70 пайызын қазақстандық құрылыс магнаты Шахмұрат Мүтәліп сатып алғысы келеді деген ақпарат тарады. Сондай-ақ, Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев та «Қазақмысты» сатып алу үшін келіссөз жүргізіп жатқаны айтылды. Осыдан хабарыңыз бар ма, ведомствоға өтініш түсті ме, — деп сұрады журналист.

Министр ресми өтініш түспегендіктен нақты ақпарат бере алмайтынын айтты.

— Мен ол ақпаратты телеграмм-арналардың бірінен көрдім. Бізде регламент бар. Сол регламент бойынша компания акцияларын ауыстыру үшін министрліктің арнайы рұқсаты қажет. Бізде ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша бізге ашқандай өтініш түскен жоқ. «Қазцинк» туралы да, «Қазақмыс» туралы да ешқандай өтініш түскен жоқ. Бірақ өтініш түссе өздеріңізге қосымша ақпарат береміз. Әзірге ондай ақпарат жоқ, — деді Ерсайын Нағаспаев.

Бұған дейін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдің экономикасы «Қазцинкке» 70 пайыз деңгейінде тәуелді күйге түскенін айтқан болатын

Соңғы жаңалықтар