«Қазцинктің» Өскемендегі кәсіпорындарын прокуратура тексеріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Өскемендегі ірі 22 кәсіпорынның 15-інде ауа сапасын бақылайтын құрылғы орнатылмаған. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Үкімет отырысында осындай дерек келтірді.

— Бүгінде қаладағы 22 ірі кәсіпорынның 7 жетеуінде ғана ауаға тасталатын шығарындылардың мөлшері туралы деректі өңдейтін құрылғы орнатылған. Біз осы датчик орнатпаған кәсіпорындармен жұмысты күшейтеміз. Құрылғыны жақын арада орнатпаса, материалдарын сотқа береміз», — деді Ермек Көшербаев.
Сондай-ақ ол Шығыс Қазақстандағы ең ірі кәсіпорындардың бірінде тексеру басталғанын айтты.
— Прокуратура органдары уәкілетті ұйымдармен бірге, бірнеше облыстан мамандар тарта отырып «Қазцинк» ЖШС-інде кешенді тексеру жүргізіп жатыр. Ол тексерудің қорытындылары қоғамға таныстырылады. Тексерудің алдын ала мәліметтері бойынша кәсіпорынмен экологияны жақсартуға арналған шараларды ақылдасып жатырмыз, — деді облыс әкімі.
Еске салсақ, Өскемен қаласында тұрғын аудандарда көлігін 5 минуттан артық қыздырған 3 адамға айыппұл салынған болатын.