«Қазтуған жырау қалмақтың жиені ме?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 29 қазан, бейсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

Күні кеше отандық медицинаның дамуына өзіндік үлес қосқан көрнекті ғалым, академик, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Леон Бернард атындағы ең жоғары марапаттың, Мемлекеттік сыйлықтың, І дәрежелі «Достық» орденінің иегері, Қазақ тағамтану академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарманов 85 жасқа толды. Құрметті дәрігердің мерейтойы Алматыда С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің қабырғасында салтанатпен тойланды.

«Аталмыш университеттің 1200 орындық «Конкордия» театрында өткен алқалы жиынның беташары Мемлекет басшысының мерейтой иесіне жолдаған құттықтауымен ашылды. Елбасының сәлемін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Светлана Жақыпова жеткізді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Светлана Жақыпова сондай-ақ Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповтың, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың да ізгі тілектері мен ғалымның туған жері Жезқазғаннан жолдаған жерлестерінің ыстық сәлемін жеткізді. Ал, Елбасы өз құттықтауында: «Құрметті Төрегелді Шарманұлы! Сексен бестің төріне сергек қалпыңызда келіп отырған мерейжасыңыз құтты болсын! Сіз дәрігер маманы ретінде үзбей ізденудің, халыққа адал да абыройлы еңбек етудің нәтижесінде кәсіби біліктіліктің биік шыңына шығып, қоғамда бұлжымас беделге ие болдыңыз. Жоғары адамгершілік қасиеттеріңізбен, зор ұйымдастырушылық қабілетіңіздің арқасында республикамыздың денсаулық сақтау министрлігіне жетекшілік жасап, осы салада ауқымды істер тындырып, лайықты қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Ғылыми ізденістеріңіз де жемісті болып, КСРО Медицина ғылымы академиясының академигі атандыңыз. Әлемдік денсаулық сақтау ісін дамытуға қосқан үлесіңіз үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Леон Бернард атындағы сыйлығымен марапатталдыңыз. Осы уақытқа дейін белсене еңбектен қол үзбей, әлемдегі ең озық медицина жетістіктерін өз елімізде қолдануға, халқымыздың денсаулық сақтау мәдениетін арттыруға атсалысып келесіз. Сіздің өнегелі өміріңіз бен жемісті еңбек жолыңыз жастарымызға жақсы үлгі. Осы еңбегіңіздің зейнетін ұзағынан көре беріңіз. Зор денсаулық, баянды бақыт, әулетіңізге амандық пен игіліктер тілеймін», - деген. Қызмет жолын қарапайым ауыл дәрігерінен бастаған академиктің мерейтойы туралы еліміздің бас басылымы жазған « Қазақ медицинасының майталманы» деген мақаладан оқыңыздар.

***

Ал, «Айқын» газетінің бүгінгі санында жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының атақты театр сыншысы Әшірбек Сығай марқұм туралы естеліктері жарық көрді. Мақала авторы Әшірбек Сығайды алғаш көрген студенттік кезі, кейін, драматургияға қалам тартар кездегі театр сыншысының баға жетпес ақыл-кеңестері туралы жазады.

«Аға-дос Әшірбек Сығай өмірден озғалы да бір жыл болып қалыпты-ау! Зымыраған уақыт...Ұлт өнерінде өзіндік орны бар театр сын­шысы Әшірбек Сығайды студент ­кезімізден сыртынан танып, жазғандарын оқып жүруші едік. Өнерге сонша іңкәр көңілмен қарай­тын­дықтан ба, ол кісінің қаламынан туған жаз­ба­лар өте әсерлі оқылатын. Жақын таныстық бертінде басталды. 1990 жы­лы Алматыдағы жоғары партия мектебіне тыңдаушы болып қабылданып, оқып жатқан күндер еді.Бір жолы аудиторияға өзіме аса жақын бейне - маңдайы жарқыраған Әшірбек Сығай кіріп келді. Мен ол кісінің тап осы кезде қайда жүргенін де білмейді екем. Деканымыз З.Әйтімов «бүгін сіздерге мәдениеттану са­ла­сы бойынша лекция оқуға Мәдениет министрлігінің бірінші орынбасары Сығаев мыр­за келді» деген кезде аузымды ашып қа­лып­пын. «Басқа жұмысқа ауысты деп еді, қай­та оралған екен ғой» деп ойлап қойдым.

Лекция аяқтала бере жанына барып, қол бе­ріп амандастым. Аға мені танымады, аз-маз ғана шырамытты-ау деймін, «қалың қалай?» деді де, ары қарай сөз қозғамады. Сыртқы есік­ке дейін шығарып салдым. Жол-жөнекей Қы­зылордада болғанын, табақтас болған сәт­те театр өнері туралы толғамды әңгіме айт­қанын, содан бері қарай драма жазуды ар­мандап жүргенімді айтып үлгердім. Ол кісі осы кезде күлімдей қарап: - Жаз. Батыл жаз. Жалтақтамай жаз! - деді. - Драматург болу үшін ат басындай жү­рек керек.Сөз осымен аяқталған-ды», - деп жазады автор. Әшірбек Сығайдың арманында кеткен асыл іс туралы толығырақ «Айқын» газетінен «Әшірбек армандаған асыл іс» атты мақаланы оқыңыздар.

Қазтуған жыраудың «Алаң да алаң, алаң жұрт, Ақала ордам қонған жұрт, Атамыз біздің бұ Сүйініш, Күйеу болып барған жұрт, Анамыз біздің Бозтуған, Келіншек болып түскен жұрт...» деген зарлы толғауын бала кезімізден-ақ қазақ әдебиетінен оқып, жаттап жүрміз. Мән беріп қарасақ, бұл жырында Қазтуған жырау атасының, анасының кім екенін жырлап отыр. Дегенмен, Ресейдегі қалмақ, ноғай басылымдарында соңғы кездері «Қазтуған жыраудың анасы қалмақ қызы» деген деректер шыға бастаған екен. Расымен де, Қазтуған өз жырында атын атап отырған Боз­туған ана туралы не білеміз? Бұл сұраққа «Айқын» газеті де жауап іздеген. «Қазтуғанның (орыс деректерінде - Казы-Туган) арғы атасы Дінбай ноғай мырзасы болған. Атасы Абдолла да, әкесі Сүйініш те ноғайдың жетісан (едисан) руының мырзалары (билеу­ші­лері) болды. Әкесі Сүйініш Абдоллаұлы (орыс деректерінде - Сююнча Абдулов) Еділдің жағалауында өмір сүрген, кейін Кубань жаққа өтіп кет­кен. XVII ғасырдың екінші жарты­сын­да жазылған орыс деректерінде Сүйініштің аты айтылады. Ресей мем­лекеттік архивтің көне актілер жө­ніндегі бөлімі­нің «Ноғай істері» қорында (Ф.127. Оп. 1. 1648 г. Д. 1) Сүйініш мырзаның және ноғай ұлы­сының 1660 жылдарға дейінгі де­рек­тері сақталған», - деп жазады басылым. Ресей зерттеушілерінің Қазтуған жырау туралы өзге де мәліметтерін «Қазтуған жырау қалмақтың жиені ме?» деген мақаладан оқыңыздар.

***

Ал «Экспресс-К» газеті бүгін кавказ әншісі Қайрат Нұртастың әнін ұрлады деп жазады. «Гәкку» телеарнасының хабарлауынша, кавказдық орындаушы Дидо Кәрімов Қайрат Нұртас орындайтын «Алматы түні» әнін ұрлаған. Дидо Кәрімов әннің әуезін айна-қатасіз көшіріп алып, өз сөздерімен айтқан», деп жазады басылым. Бұл туралы «Кайрата Нуртаса обокрали на Кавказе» деген мақаладан оқыңыздар.

Соңғы жаңалықтар
Референдум