ҚазҰАУ магистранты: Озық білім - прогрестің кепілі
АЛМАТЫ. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ауыл шаруашылығы саласының ел экономикасының құрылымындағы әлеуетін көтеруге жаңа серпін бере алады.
Бұл пікірін Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Орман, жер-су ресурстары факультетінің 1-інші курс магистранты Асхат Мәуленов, бүгін оқу орнында өз әріптестерімен Жолдаудан алған әсерімен бөлісу кезінде айтты.
"Озық білім - прогрестің кепілі. Елбасы елдің әлуеметтік-экономикалық деңгейін жаңа сатыға көтеруде мамандарды дайындау мен олардың біліктілігіне қойылатын талапты қатайтуды басым бағыттардың қатарына енгізді. Осы мақсатта Үкіметке бірқатар міндеттер жүктеп, нақты тапсырмалар берді. Оның нәтижелі боларына сеніміміз зор", - дейді А. Мәуленов.
А.Мәуленовтың пайымдауынша, ол өз мамандығын жүрек қалауымен таңдап алған. Өйткені жер асты байлықтары сарқылмалы ресурстар. Ал ауыл шаруашылығы саласына сарқылмайтын ресурстар кіреді. Егер экономиканың бұл саласына жеткілікті деңгейде көңіл бөлініп, кешенді түрде қолдау жасалса, өнім көлемін ұлғайту арқылы азық-түлік тауарларына деген тапшылықты толық жоюға болады. Оның пікірінше, әлеуеті мол ауыл шаруашылығы өндірісі ел экономикасының құрылымында әлі өз орнын таба алмай отыр.