ҚазҰУ Бішкек филиалы: Қазақстан – Қырғызстан жоғары білім ынтымақтастығы

АСТАНА. KAZINFORM — Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қырғыз Республикасының Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрі Бактияр Орозов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бішкек қаласындағы филиалына барды.

ҚазҰУ Бішкек филиалы: Қазақстан – Қырғызстан жоғары білім ынтымақтастығы
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Кездесуге ҚазҰУ-дың басқарма мүшесі — ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибрайымов, Қырғыз Республикасының Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрінің орынбасары Нұрлан Омуров, сондай-ақ ҚазҰУ филиалының директоры Жамин Шейшенов қатысты.

Министрлер университет филиалының құрылу тарихы, қазіргі қызметі және даму перспективаларымен танысып, ғылыми-зерттеу мен оқу аудиторияларын аралады. Сәйкесінше тараптар академиялық алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру және білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

ҚазҰУ-дың Бішкек қаласындағы филиалы 2022 жылғы 26 мамырда ашылды. Оның ресми ашылу рәсімі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қатысуымен өткен болатын.

ҚазҰУ Бішкек филиалы: Қазақстан – Қырғызстан жоғары білім ынтымақтастығы
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Кездесу барысында министрлер тарапынан нақты ұсыныстар айтылып, болашақта жүзеге асырылуы мүмкін бастамалар қозғалды. Министр Саясат Нұрбек өз сөзінде:

— ҚазҰУ-дың аймақтық миссиясы және интеграциясы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижесі. Екі елдің жастарын сапалы біліммен қамтамасыз етіп, ғылыми әлеуетін арттыру жолындағы ортақ күш-жігеріміз болашақта үлкен жетістіктерге жеткізеді, — деп атап өтті.

Бүгінгі таңда филиалда 12 бакалавриат бағдарламасы және бейіндік магистратура бойынша білім беріледі. Ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатарында — «Құқықтану», «Менеджмент», «Компьютерлік инженерия» және «Шетел филологиясы» бар. Қазіргі уақытта филиалда 750-ге жуық студент оқиды, ал 2025–2026 оқу жылына 630-дан астам талапкер қабылданған. Дәрістер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

ҚазҰУ Бішкек филиалы: Қазақстан – Қырғызстан жоғары білім ынтымақтастығы
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

— ҚазҰУ-дың Бішкек қаласындағы филиалы — жастарымызға сапалы, заманауи білім беретін маңызды алаң. Басты мақсатымыз — еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Осы бағытта Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті нығайтып, білім беру стандарттарын үйлестіруді жалғастырамыз, — деді Қырғыз Республикасының Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрі Бактияр Орозов.

Айта кетейік, бүгінде ҚазҰУ-дың шетелдегі филиалдары Түркияның Ыстанбұл қаласында және Ресейдің Омбы қаласында да табысты жұмыс істеп келеді.

ҚазҰУ-дың Бішкек филиалы — екі елдің білім беру кеңістігін жақындастыратын маңызды көпір.

Айта кетелік Қырғызстанда Еуразия ұлттық университетінің филиалы ашылғаны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар