Қазығұрт маңындағы қанды көлік апаты: 5 адам ажал құшып, 14-і жарақат алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында көлік апатынан 5 адам ажал құшты, деп хабарлайды TVK телеарнасы.
Ірі көлік апаты 19 қыркүйек күні 18:00 шамасында Қазығұрт елді мекені маңында болған. Ташкент тас жолында жолаушылар мінген «Форд» шағын автобусы мен «Тойота» жеңіл көлігі соқтығысқан. Оқиға орнында 5 адам ажал құшты. Төртеуі ер адам, ал біреуі - әйел.
Ауруханаға жапа шеккен тағы 14 адам жеткізілді, оның 4-еуі - балалар. Екі кішкене бала кейін облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Үш адам жансақтау бөліміне түсті. Кейбіреулеріне ота жасалып жатыр.
Мәлім болғандай, апат болған жол бөлігі - тек біржақты қозғалыс белгіленген тұс. Соған қарағанда екі көліктің бірі қарсы жолаққа шығып кеткен көрінеді. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.