«Қазынаға қол салған қыз Араб Әмірлігінде демалып жүр» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Астана қаласындағы «Еврокоптер» - «Қазақстан-инжиниринг» ЖШС-нің базасында тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш төл тікұшағы «Еврокоптер» құрастырыла бастады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Төл тікұшағымыз биіктіктерді бағындыруда» деген тақырыптағы мақаласында. Бұл тікұшақтар негізінен Қарулы Күштердің басшылық және жеке құрамдарын, сырқаттанған немесе жарақаттанған жауынгерлерді тасуға, сонымен бірге төтенше жағдайлардың салдарларын жоюға арналған. Жақында осындай екі тікұшақ құрастыру цехынан шығып, еліміздің Әуе қорғаныс күштеріне қарасты №19132 әскери бөліміне тапсырылды. Тікұшақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларына келетін болсақ, оның ұшқан кездегі көтеретін салмағы 3585 келі. Бір мезгілде бортына барлық қару-жарағын асынған 8 спецназды қабылдай алады. Тікұшақтың крейсерлік жылдамдығы сағатына 230 шақырым. Ұшу ұзақтығы - 3 сағат 20 минут.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Ақтауда 2011 жылдың 16-17 желтоқсан күндері Жаңаөзен қаласында орын алған оқиғаларға байланысты өткен аптада басталған сот отырысы одан әрі жалғасты. Сот отырысы белгіленген уақытта жәбірленушілерден жауап алумен басталды. Әуелі Жаңаөзен қаласында орналасқан екінші деңгейлі банктер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, облыстық жылжымайтын мүлік орталығының қалалық филиалының өкілдері, сондай-ақ жеке меншік иелері, кәсіпкерлер сұралды. Одан кейін құқық қорғау орындарының өкілдері оқиғаға байланысты болған жағдайларды айтып, қорғаушылардың, мемлекеттік айыптаушылардың, соттаушылардың сауалдарына жауап берді. Толығырақ басылымдағы «Сот отырысы жалғасуда» деген тақырыптан біле аласыздар.
***
Қазақстан Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы А.Мешімбаеваның қайда қашып тығылғандығы ақыры анықталды: «2009 жылғы жалпы ұлттық халық санағы кезінде ел қазынасынан жүздеген миллион қаражатты жымқырды» деп айыпталған Анар ханым құмға барып, бой тасалаған екен. Бірақ экс-төрайымның таңдауы қазақ жеріндегі шағыл құмды қырқаларға емес, арабтар еліндегі құмды теңіз жағалауына түсіпті. Егер қашқын ханым басқа ел асып кетпесе, жақын уақытта оның қолына кісен салынуы ықтимал. Өйткені кеше, Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында қалаулылар «Қазақстан мен БАӘ арасындағы Қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімді» құптады. Бұл жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе «Айқын» газетіндегі «Қазынаға қол салған қыз Араб Әмірлігінде демалып жүр» деген тақырыпқа назар салыңыз.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гүлнас Ахметовамен арадағы сұхбат «Білім сапасын арттырудың кепілін тек қаражаттан ғана емес, мұғалімнің рухани жан дүниесінен де іздеу керек» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ғалым: «Қазір кейбір мамандар: «ЖОО-ларды бітіргендер бес жыл мамандығы бойынша жұмыс істемесе, дипломның күшін жою керек», - деп мәселе көтеріп жүр. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Өйткені бұл өте қатты айтылған секілді. Бұндай пікірге келу үшін жас маманның не себепті өз мамандығы бойынша жұмыс істемей отырғанын жан-жақты анықтаған жөн. Ұлтымыздың санын арттырып отырған жас келіншекке, сөз жоқ, мұндай заң жүрмейді», - дейді.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, ҚР Сыртқы істер министрлігі кеше шет елдердің Иранға қарсы ықтимал соғыс мақсаттарына Қазақстан өзінің аумағын беруге келісімі жайлы кез келген ақпарат шындыққа жанаспайтындығын мәлімдеген. «Шет елдердің үшінші елдерге қарсы соғыс мақсаттарына Қазақстанның аумақтары мен әуе кеңістігін пайдаланатыны туралы жауапкершіліксіз мәлімдемелері мен ақпарат құралдарында пайда болған сыбыстың ешқандай негізі жоқ. Халықаралық қарым-қатынастың жауапты субьектісі және ядролық қарудан бас тарту саласында көшбасшы ретінде танылып отырған Қазақстан қазір және әрқашанда ирандық ядролық бағдарлама төңірегіндегі жағдайды дипломатиялық жолмен және бейбіт реттеуді дәйекті жақтайды», - делінген мәлімдемеде.