ҚБТУ меншік иесі туралы мәселе Жоғарғы сотта қаралып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Kazinform агенттігі Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қайтарылған активтерді басқару компаниясына ҚБТУ-дың қазіргі меншік иесі туралы сауал жолдады.

 ҚБТУ
Фото: ҚБТУ баспасөз қызметі

Биыл наурыз айында ҚБТУ мемлекетке қалай қайтарылғаны белгілі болды.

Алайда кейінірек агенттік сауалына жауап берген Қайтарылған активтерді басқару компаниясы бұл мәселе әлі толық шешілмегенін хабарлады.

Мәселені нақтылау үшін қайта жолданған сауалға Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан-Британ техникалық университеті ведомстволық бағынысты ұйымдар тізбесіне кірмейтінін және оның құқықтық мәрбесіне қатысты сұраққа жауап бере алмайтынын мәлімдеді.

Жалпы ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта ҚБТУ-да бакалавриатта — 7956 студент, магистартурада — 887 студент, докторантурада — 120 студент білім алып жатыр. 2024-2025 оқу жылында бітірушілер саны: бакалавриатта — 975 адам, магистратурада — 432 адам, докторантура — 32 адам.

Ал «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-ның жауабына сәйкес, университеттің меншік иесі туралы мәселе Жоғарғы сотта қаралып жатыр.

— Қазақстан-Британ техникалық университетінің болашақ тағдырына қатысты мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр. Бұрынғы акционерлер бастамашы болған азаматтық іс қазіргі уақытта Жоғарғы сотта қаралып жатыр. Дауға қатысты түпкілікті шешім еліміздің жоғарғы сот органы қаулы шығарғаннан кейін қабылданады, — делінген жауапта.

Еске салайық, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекетке қайтарылып жатқан Қазақстан-Британ техникалық университетінің келешегі туралы пікір білдірді.

Соңғы жаңалықтар