ҚДБ индустрияландыру бағдарламасындағы барлық инвестиция көлемінің 10 пайызын қамтамасыз етеді - Ғ.Есқалиев
АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы 5 жылдығында Қазақстан даму банкі бағдарламадағы барлық инвестиция көлемінің 10 пайызын қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Осы жайында бүгін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «Қазақстанның Даму банкі» АҚ Басқарма төрағасы Ғали Есқалиев мәлім етті.
«Өткен жылы 2020 жылға дейінгі Қазақстанның Даму банкінің стратегиясы бекітілді. Осыған сәйкес Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның алғашқы 5 жылдығында банк бағдарламадағы өңдеу секторы мен инфрақұрылым саласына бағытталған барша инвестицияның 10 пайыздан кем емес (жылына 1 млрд. АҚШ долларынан кем емес) деңгейдегі көлемін қамтамасыз етуді көздеп отыр. Ал ссудалық портфель көлемі 2015 жылға қарай 7 млрд. АҚШ долларына дейін жеткізілмек», - деді Ғ. Есқалиев.
Сонымен қатар ең тиімді талаптар бойынша қарыздың жаңа түрлері тартылмақ. Банктің жеке капиталы аясында табыстық көрсеткіштерін арттыру қарастырылып отыр. Басқарма төрағасының сөзіне қарағанда, банк 2010 жылы 1 млрд. АҚШ долларына жуық қаржы көлемінде жаңа несиелерді берді. Банктің ссудалық портфелі 1 жылдың ішінде 48,7 пайызға артып, 3 млрд. АҚШ долларына жуық қаржыны құрады.