«Кеден ашылды: Кедергі бар ма?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 14 тамыз, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

Бұрын Атырау дегенде алдымен мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуі ойға оралушы еді. Шетел инвесторлары да, шағын және орта бизнес өкілдері де жобаларын осы саламен байланыстыруға ұмтылатын. Соңғы кезде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңа өнімдерді шығаруға көңіл бөліне бастады. Сондай өнімнің бірі талшықты-оптикалық кабель. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Кабель: Атырауда оның талшықты-оптикалық түрі шығарыла бастады» деген тақырыптағы мақалада егжей-тегжейлі жазылған.

Мұнайлы өңірде бұрын болмаған жобаны «Бизнестің жол картасы» өңірлік индустрияландыру картасы аясында іске асыруға бет бұрған «ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС бас директоры Семен Хванның айтуынша, басты мақсат телекоммуникация, транспорт, құрылыс және мұнай-газ саласына қажетті талшықты-оптикалық кабель шығару өндірісін игеру. Жаңа өнімді шығаруды бастаған зауыт құрылысына 715 миллион теңге салыныпты. Жалпы құны 1 миллионнан аса АҚШ долларын құрайтын технология Қытайдан сатып алынған. «Біз ондаған миллион долларға бағаланған еуропалық технологияны сатып алуға тәуекел етпедік. Себебі, бұл саладағы жұмысты енді бастадық. Дегенмен, зауытымыздағы қытайлық технологиямен 5 жыл бойы үздіксіз өнім шығаруға әбден болады. Мұнда ең бастысы сапалы шикізат болса, өнім де соған сәйкес келеді», - деген бас директордың айтуынша, қазір мұнда жергілікті мамандар жұмысқа қабылдануда.

***

«Қырғызстанның ЕАЭО-ның толыққанды мүшесі болуына байланысты екі ел шекарасындағы тауар және көлік құралдарына кедендік бақылау рәсімдері алынды», - деп жазады «Айқын» газеті жұма күнгі « Кеден ашылды: Кедергі бар ма?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, кейбір сарапшылар Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосылуының Қазақстан экономикасына кері әсері тимейтіндігін, керісінше, Қырғызстанның одаққа мүше болуы еліміздегі шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болатындығын, яғни, қазақстандық компаниялардың Қырғызстанда кәсіпорын ашуына жол ашылатындығын алға тартуда. Өйткені бұл елдегі өндіріс одаққа мүше басқа елдермен салыстырғанда арзанға түседі. Қырғызстанда шикізат, жұмыс күші, электр энергиясының тарифі, салық мөлшерлемесі, бәрі төмен. Сондай-ақ көршілес елде бизнес ашуға заңнамалық тұрғыдан жағдай жасалған. «Алайда қырғыздардың да қарап қалмасы белгілі. Олар да өз экспорттарын дамытуға асығып отыр. Бүгінде Қырғызстан экономикасының 70 пайызын шағын және орта бизнес құрайды. Сондықтан шекараның ашылуы алдымен айырқалпақтылар үшін тиімді. Енді олар тауарларын Қырғызстан аумағынан тыс жерлерге оңай экспорттай алады», - деп жазады мақала авторы.

Жарияланымға тұздық ретінде экономист Тоқтар Есіркеповтің пікірі берілген. Ол: «Қырғызстаннан бізге көбіне киім-кешек келеді. ЕАЭО-ға кіру арқылы енді Қырғызстан жеңіл өнеркәсібін жақсы дамытып алады. Ал біздің отандық өндірушілер үшін бұл зиян. Тағы бір зияны Қырғызстаннан келетін тауар тек қана Қазақстанға ғана келмейді. Ол ең алдымен Ресейге кетеді. Сонда біз ортадағы қақпа сияқты болып қалғалы тұрмыз. Мұндай жағдайда да бізге пайдасынан көрі, зияны шаш етектен болғалы тұр», - дейді.

***

Осы басылымның жазуынша, статистикалық мәліметтерге сәйкес республикадағы алкогольдік ішімдіктер жасау саласының өндіріс көлемі биылғы жылы 1526-дан 1417 декалитрге дейін, 9,1 пайызға қысқарыпты. Қазақстанда алкоголь өнімдерінің таралуы жыл сайын қысқарып келеді. Осы жылдың бірінші тоқсанында елімізде алкоголь өнімдерін шығаратын 18 кәсіпорын жабылған. Соңғы алынған статистикалық мәліметтерге қарағанда, «Көкшетау минводы» АҚ алкогольдік өнімдерді шығаруды 691,4-тен 525,2 литрге дейін (25 пайызға) төмендетіпті, ал Қостанай облысындағы «Лидер-2» ЖШС өндірісін 21 пайызға қысқартқан. Оның себебі бұрынғы қарқынмен өндіріп жатқан тауарлары өтпей, арақ өнімдері ішілмей жатыр. «ДСҰ биылғы жылы көптеген елдерде алкогольдік өнімдердің сатылуы азаяды деген болжам айтқан болатын. Ондай елдердің ішінде саламатты өмір салтын ұстанған Қазақстан да бар. Қазіргі жастар спиртті ішімдіктерге аса үйір емес, сондықтан арақ ішетіндердің қатары жыл сайын азайып келеді. ДСҰ-ның зерттеулеріне қарағанда, арақ-шарапты ең көп ішетін халық беларусьтар болып шықты. Әрбір беларусь жылына 17,5 литр, ал олардан кейінгі орындағы молдавандардың әрқайсысы жылына 16,8 литр таза спирт ішеді екен. Үшінші орынды 15,4 литрді ішетін литвалықтар иемденген. Арақты ең жақсы ішеді деп саналатын орыстар төртінші орында тұр. Ресей тұрғындары жыл сайын таза спирттің 15,1 литрін ішумен шектеледі. Қазақстан бұл тізімде Эстония, Грекия және Австриямен бір деңгейде, 37-орында тұр. Бұл елдердің әрбір азаматына жыл бойы ішілген спирт 10,3 литрден келеді», - деп жазады автор. Мақала «Арақ ішілмей жатыр» деген тақырыппен берілген.

***

Қапшағай су қоймасының жағалауында "Карась Party 2015" жарысы өтті, деп жазады «Экспресс К» газеті «Новости с колес - прямо с ралли» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның нақтылай түсуінше, жол талғамайтын көлікпен жарысты жаны сүйетін жандар бұл бәсекеде толық көлемде жан ләззатын алған.

***

Ялтада әлемнің 12 елінің балаларының қатысумен «Детской Новой волны» байқауы басталды. Бұл жайында «Литер» газетінің жұма күнгі санындағы «9-летняя алматинка в первый день конкурса «Детской Новой волны» покорила российских звезд» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның жазуынша, фестивальдің ашылу салтанатына Стас Костюшкин, Лера Кудрявцева, Доминик Джокер, Паша Артемов және өткен жылдардағы байқау лауреаттары қатысқан. Қазақстан атынан қатысып жатқан 9 жастағы алматылық Данэлия Төлешова алғашқы күннен-ақ конкурс төрешілерінің жүректерін жаулап, ең жоғары ұпай жинаған.

Соңғы жаңалықтар
Референдум