Кеден одағы аумағына кіретін автомобильдерді бақылаудың бірыңғай тәсілдері жүзеге асады - Заң жобасы

Аталған келісім Кеден одағына қатысатын кез келген мемлекеттің аумағына кіретін (шығатын, транзитпен өтетін) көлік құралдарын бақылауды жүзеге асырудың бірыңғай тәсілдерін айқындайтын болады. Бұған сәйкес, сыртқы шекарадан кіру немесе шығу кезінде көліктік бақылау бойынша іс-қимылдардың нақты тізбесі анықталады. Бақылау құжаттары құзырлы органдармен өзара танылатын болады және олардың ортақ үлгісі бекітіледі. «Сондықтан да, келісімді қабылдау Кеден одағы аумағында бірыңғай автокөлік құралдарының жүрісін жеңілдетеді. Сонымен қатар, тексеру нәтижелері ақпараттық жүйе арқылы көлік құралы бара жатқан елдердің құзырлы органдарына жіберіледі. Заңнама талаптарын орындамаған тасымалдаушылар бойынша тиісті хабарлама беріледі. Бұдан бөлек, хабарламаға қандай рұқсат қажеттігі, заңға қайшы келетін ескертулер туралы ақпарат та кіреді», - дейді Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев.
Министрдің айтуынша, Кеден одағы аясындағы үш ел арасында ақпараттық алмасуды ұйымдастыру сыртқы шекарада автокөліктердің тұрып қалмауына мүмкіндік береді. Бұл ретте келісімді орындау үшін тараптар бірлескен комиссия құратын болады.