Кеден одағы аясында Қазақстан ұшақтарға арналған баждар бойынша өтпелі кезең енгізу туралы мәселеде прогреске қол жеткізді
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Кеден одағында 20 пайыз мөлшеріндегі ставка қолданылады. Қазақстанның экономикалық мүддесін ескере отырып, Қазақстанға өтпелі кезең беру бойынша келіссөздер басталды, бұл кезеңде ұшақтарға арналған баж ставкалары 0-ге тең келетін болады.
Премьер-Министр мамырдың 28-інде Санкт-Петерборда Ресей Үкіметінің басшысы Владимир Путинмен кездесуі барысында принципті келісімдерге қол жеткізілгенін, енді өтпелі кезеңнің мерзімін айқындау ғана қалғанын атап көрсетті. «Қазіргі уақытта тараптардың техникалық сарапшылары бұл мерзімді қазақстандық тасымалдаушылардың қажеттіліктері мен Ресейдің авиаөндірушілерінің мүмкіндіктерін ескере отырып айқындайды. Мен бұл мәселе 1 айдың ішінде шешіледі деп күтемін», деді К. Мәсімов.