Кеден одағы елдерінде өнімдердің бірыңғай тізімі жасалуына байланысты, сертификаттауға жататын өнімдер саны 100-ге азайды
АЛМАТЫ. 17 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Кеден одағына мүше елдерде одақ талаптарына сәйкес өнімдердің бірыңғай тізімі жасалды. Бұл тізімге іліккен өнімдер үш елде сертификаттаусыз сатылымға түсе береді.
Бұл туралы бүгін Алматыдағы «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалында өткен «Қазақстан, Ресей, Беларус арасындағы Кеден одағының басымдықтары» атты дөңгелек үстел барысында айтылды.
Алматы қаласы бойынша техникалық реттеу, стандарттау және метрология департаментінің бастығы Шерхан Мажеденовтың айтуынша, бұл тізімге ілікпеген тауарлар ұлттық сертификат бойынша сатылады. «Бірыңғай өнімдер тізімі жасалғалы бері сертификаттауға жататын өнімдердің саны 100-ге дейін азайды. 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап сертификаттауға жататын өнімдердің саны тағы 2 есеге азаяды»,- деді Ш.Мажеденов.
Бірыңғай өнімдер тізімінің басымдылығы бұрын кәсіпкерлер Ресей немесе Белоруссияға өнім шығару кезінде тауарларды сертификаттап әуреге түсетін. Бірыңғай өнімдердің тізімінің жасалуымен бұл кедергі жойылып отыр.