Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісіміне енгізілген өзгерістер қабылданды - Парламент
АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамасын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қабылдады.
Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісімге 2009 жылғы 11 желтоқсанда Санкт-Петербор қаласында ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесі қол қойған. Бұл құжат Кеден одағының фитосанитарлық қауіпсіздік саласындағы негіз қалаушы нормативтік құқықты акті болып табылады.
Құжаттың басты мақсаты - карантинге жатқызылған өнімді кеден одағының кедендік аумағына әкелу кезінде әкімшілік кедергіні азайту болып табылады. Сонымен қатар қабылданған заң бойынша тауарлар мен көлік құралдарын кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу рәсімін оңайлату шаралары қамтамасыз етіледі. Жалпы, хаттамада негізгі үш өзгеріс қарастырылып отыр. Оның біріншісі, Кедендік одақ аумағындағы шетелдерге өнім шығарған кезде әр мемлекет өзінің ұлттық заңнамасы мен сол өнімді шығаратын елдің заңнамасын басшылыққа алады. Екінші өзгеріс, Кедендік одақ аумағындағы рәсімдеу мәселесі жеңілдетіледі. Яғни, бұрынғы карантиндік сертификаттың орнына Кедендік одақтың талаптары қойылады. Үшінші мәселе - карантиндік сертификат бұдан былай тек өте қауіпті деген өсімдік шаруашылығындағы өнімдерге ғана беріледі.
Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.