Кеденде экономикалық контрабанда 43 пайызға артты

Бұл көрсеткіш оның алдындағы жылғымен салыстырғанда 193 іске көп болып отыр. Бұны бүгін Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің 2009 жылы атқарған жұмыстарына байланысты өткен баспасөз мәслихатында аталмыш комитеттің Контрабандамен күрес басқармасы бастығының орынбасары Мейірхан Мейірманқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметтеріне қарағанда, кеден бекеттерінде әсіресе экономикалық контрабанда әрекеттерінің саны 43 пайызға артқан.
Ал кеден органдары тарапынан анықталған әкімшілік істер негізінде бюджетке 5 миллиард 936 миллион теңге түскен. «Мемлекет қоржынына сондай-ақ 925 миллион теңге тәркілеу шаралары арқылы түскен. Бұған қоса тағы 2,07 миллиард теңге түрлі тауарлар мен валюталардың және көлік құралдарының заңсыз айналымынан түскен», деді басқарма бастығының орынбасары.
Оның айтуынша, контрабандамен күрес қызметкерлері еліміздің аймағынан шетел валюталарын алып кету әрекеттерінің жолын кесуде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр деуге болады. Мысалы, шетел валютасын елімізден заңсыз алып шығу әрекеттері 2007 жылы ерекше белсенділікке ие болса, сол уақыттен бері кеден өкілдері 393 миллион шетел валютасын тәркілеген. «Біз өткен жылы автокөлік контрабандасына байланысты 106 қылмыстық іс қозғап, құны 239 миллион теңге көлеміндегі тауарды тәркіледік. Сондай-ақ жүн, теріден жасалған тауарларды контрабандалағаны үшін 17 қылмыстық іс қозғап, 66 миллион теңгенің заттарын тәркіледік», деді М.Мейірманқұлов.