Кедендік одақ аясында өз мүддемізді қорғауда ешкімге де есе жіберіп жатқан жоқпыз - Тимур Сүлейменов
Олардың бірі Қытай, екіншісі Ресей, үшіншісі оңтүстік өңірдегі көрші елдер. Алайда болашағын ойлайтын ешбір ел Қытаймен не экономикалық, не өзге де тығыз ықпалдастыққа барып отырған жоқ. Сондықтан Қазақстанға бүгін логикалық тұрғыдан алғанда ең тиімді әріптес Ресей мен Беларус. Бұл мемлекеттермен біздің мәдени, гуманитарлық, экономикалық және өзге де салалар бойынша байланыстарымыз өте жақсы және олар ұзақ уақыттан бері жалғасын тауып келеді. Бұл байланыстар Кедендік одақтың құрылуына орай барынша қарқын ала түседі және оның экономикалық тұрғыдан алғандағы серпіні де қарқынды болады. Сондықтан бүгін мемлекет өзгелермен ықпалдасуы қажет пе, жоқ па деген мәселе тұрмауы тиіс. Әңгіме кіммен ықпалдасатындығымызда. «Ал логикаға салып қарайтын болсақ, Қазақстанға географиялық орналасу жағынан алып қарағанда, ең тиімді әріптес Ресей болмақ. Ресей бізге экономикалық даму жағынан да, жан басына шаққандағы кіріс пен экономика құрылымы жағынан да жақын», деді кеше наурыздың 30-ы күні он-лайн режимінде өткен конференция барысында Экономикалық даму және сауда вице-министрі Тимур Сүлейменов.
Оның пікірінше, біздің оңтүстік көршілеріміздің экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына ыңғайланған. Олардағы жан басына шаққандағы кіріс әлдеқайда төмен. Осы тұрғыдан алғанда мықты көршімен ықпалдастыққа түскен кімге де болса тиімді. Бұл байлам ақылға қонымды. Өйткені ол нақты экономикалық жетістіктерге негізделген. Бүгінгі Кедендік одақты осылай деп түсіну қажет. «Өкінішке қарай бүгінде аталмыш одақ төңірегінде көптеген теріс көзқарастар қалыптасып отыр. Солардың бірі егер еліміз Кедендік одаққа енетін болса, мемлекет қоржынына жыл сайын түсіп отыратын ондаған мың долларлардан қағылады-мыс. Бұған жауап ретінде айтарымыз, кеше ғана Мемлекет басшысы республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі құжатқа қол қойды. Оған сәйкес, республикалық бюджеттің импортталатын тауардан кедендік салықтар арқылы түсетін кірістері 62 миллиардқа жуық теңгеге жететіндігін айтқан болатын. Бұл нақты әрі тікелей жауап десе болады. Яғни Кедендік одақ арқылы мемлекеттің бюджеті азаймай, керісінше, арта түспек. Осының нәтижесінде еліміздің еңбеккерлерінің айлық жалақылары артады», деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, Кедендік одаққа қатысты көпшілік тарапынан дау тудырып отырған маңызды мәселелердің бірі одаққа мүше елдермен келіссөздер барысында ұлттық мүдденің ескерілу жайына қатысты болып отыр. Министрдің орынбасары бұл мәселені былайша түсіндіреді. Кедендік одаққа қатысты мәселенің маңыздылығы, оның ауқымдылығы және жауаптылығы соншалық, оған қатысты жүргізілетін келіссөздерге еліміздің көптеген министрліктері мен мемлекеттік органдарының қызметкерлері атсалысуда. Бұл топ Кедендік одаққа қатысты өте тиімді жұмыстар жүргізіп жатыр деп нық сеніммен айтуға болады. «Соңғы уақытта көпшілік арасында Қазақстан ылғи Ресейге ұпай жібереді деген әңгіме айтыла бастады. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. Біз бүгін өз алдына тәуелсіз, жеке, дербес мемлекетпіз. Осыған қарай біздің қорғайтын өз мүдделеріміз бар. Бұл бәлкім, келіссөздер жүргізіп отырған топ мүшелерінің талап қоя білетіндігінен болар, бәлкім бұл біздің беткеұстар саясаткерлеріміздің ықпалы болар, қалай болған күнде де қазақстандықтардың ой-пікірімен өзгелер санасады. Бұл ретте айта кететін мәселе - қазір біздің бастан өткерген жағдайларымызды ресейліктер де көріп отыр. Олар да біз сияқты өздерінің ұстанымдарын нақты дәлелдермен, нақты цифрлармен қорғай білулері керек. Ал Ресей одаққа мүше өзге елдерге беталды дөңайбат көрсетеді деген бос сөз. Әрине келіссөздердің басым бөлігі Ресей астанасында өтіп жатыр. Бұл тек жолды қысқарту мақсатында ғана қолданылып отырған шара. Қорыта айтқанда, біз өз мүддемізді қорғауда ешкімге де есе жіберіп жатқан жоқпыз», деді министрлік өкілі.
Бұл мәселе бойынша осы уақытта қалың көпшілікті ең толғандырған сауал төңірегінде аз-кем сөз қозғаған ол елде Кедендік одақтың құрылуына орай азық-түлік таурларына деген бағаның көтерілмеуі тиістігін атап өтті. Керісінше, бүгінге дейін еліміздің Ресей мен Беларустан импорттайтын тауар түрлеріне деген баға бірқатар кедендік бақылау шараларының алынып тастайтындығына байланысты арзандай түседі деген болжам бар. «Кедендік одаққа қатысты қалыптасып отырған тағы бір мәселе еліміздің кедендік тарифтеріне қатысты болып отыр. Көпшілік арасында Қазақстан өкілдері тарифтерді ресейдікіне ыңғайлай салды деген алып-қашпа әңгіме тараған. Бұл да шындыққа жанаспайды. Себебі сыртқы экономикалық қызметтегі тауар бағамдарын алып қарайтын болсақ, біз олардың 45 пайызын бұрынғысынша қалдырып, 5 пайызы бойынша керісінше төмен бағаға қол жеткізіп, ал 2-3 пайызына аздаған өзгерістер енгіздік. Жалпы тарифтер бойынша жүргізілген жұмыстардың 50 пайызы Ресейдің, 50 пайызы Қазақстанның талаптарына негізделді. Яғни тепе-теңдік сақталып отыр. Осы ретте тұтынушылар үшін маңызы зор: ұн, сары май, минералды сулар мен шұжық өнімдері, ірімшік, макарон өнімдеріне деген салымдар мүлдем өзгермейтін болады, яғни олардың бағасы сол қалпында қалады. Ал Кедендік одақтың жалпы экономикалық игіліктеріне келетін болсақ, бұл ретте бірінші кезекте елде тұтынушы нарығы кеңейеді. Біз өз арамызда елімізде тауар өндірушілер мүлдем жоқ деген біржақты көзқарас қалыптастырып алғанбыз. Шын мәнінде бізде өнім өндіретін, тіпті осы уақыттың өзінде-ақ ресейлік кәсіпорындармен жұмыс істеп жатқан ұжымдар бар. Оларға осы уақытқа дейін көптеген тарифтік кедергілер тежеу болып келді. Енді біз, яғни Кедендік одаққа кіргеннен кейін, кедендік салықтардан босатылып, көптеген рұқсат қағаздары мен құжаттар одаққа мүше елдерде жалпыға бірдей болады. Басқаша айтқанда, Қазақстанда берілген құжаттың Ресей мен Беларуста та күші жүреді. Бұл өнім өндіруші үшін өте тиімді шарт», деді Т.Сүлейменов.
Оның пікірінше, Қазақстанның Кедендік одақтан ұтатын ең үлкен басымдығы инвестицияға қатысты болып отыр. Қазақстан 16 миллион ғана тұрғыны бар ел. Оның тұрғындары ұшы-қиыры жоқ кең даланың түкпір-түкпірінде қоныстанған. Яғни халқы көп және бір жерге шоғырланған, жері шағын, логистикалық мүмкіндіктері зор ел іздеп жүрген инвесторлар үшін Қазақстан соншалықты қызығатын аймақ бола қоймасы анық. Ал Қазақстан мен Ресейдің арасындағы кедендік кедергілер азайған соң бұл мәселе шешімін табады. Себебі екі елдің шекараларында бір-бірімен жақын орналасқан елді-мекендер өте көп. Айталық Петропавл немесе Павлодар қалалары Ресейдің Омбы, Новосибирск, Барнаул сияқты қалаларына жақын орналасқан. Бұл аймақта 5 миллионнан астам азамат тұрады. Яғни осынша көлемдегі тұтынушылар бар. Олардың барлығы айналасы 200-300 шаршы метр аймақты қамтиды. Осы аймақтан өзінің өндіріс орнын ашқан инвестор 5 миллион адамға тауарларын тарата алады. «Оның үстіне Қазақстанда рұқсат беру жүйесі өзгелерден әлдеқайда жеңіл. Біз осылайша инвесторларға ыңғайлы бизнесклиматты қалыптастыра отырып, осы инвестициялардың елімізге барынша көп ағылуына жол ашамыз. Ал инвестиция дегеніміз қосымша жұмыс орындары мен үлкен мүмкіндіктер», деп қорытты сөзін Т.Сүлейменов.