Кедендік одақ инвестиция тартуға жағымды жағдай қалыптастырады - Индустрия және сауда вице-министрі Жанар Айтжанова

қпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кедендік одақ инвестиция тартуға жағымды жағдай қалыптастырады.

Кедендік одақ инвестиция тартуға жағымды жағдай қалыптастырады -  Индустрия және сауда вице-министрі Жанар Айтжанова

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Кеден одағындағы салықты және кедендік әкімшілендіру туралы» тақырыпта өткен Үкімет сағатында ҚР Индустрия және сауда вице-министрі Жанар Айтжанова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кедендік одақ үш мемлекет арасындағы еркін саудамен қатар, одаққа кірмейтін үшінші елдерге қатысты бірыңғай кеден тарифін және бірыңғай сауда саясатын қолданумен сипатталады. Кедендік одақ Қазақстан экономикасының дамуына бірқатар маңызды жағдайды да қалыптастырады. Біріншіден, одақты құру үдерісінің маңызы ұйымға мүше мемлекеттердің экономикаларына инвестицияларды тартуға жағымды жағдай жасайды және мемлекеттердің экономикалық әлеуеттерін ескере отырып, бірлескен өндірістерді және бір-бірін өзара толықтыратын кәсіпорындарды құру болып табылады. Осылайша, Кедендік одақтың қалыптасуы нәтижесінде ішкі нарық көлемі 168 млн. адамды қамтитын біріңғай аумақ құрылып отыр. Екіншіден, Қазақстанның экспортқа бағытталған кәсіпорындары үшін отандық тауарларды шетелге шығаруға Ресейдің көліктік инфрақұрылымын әлдеқайда жағымды шарттармен қолдану жүзеге асады. Бұл біздің кәсіпкерлеріміздің көлік шығынын азайтуға, соның нәтижесінде қазақстандық өнімнің үшінші елдер нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, Қазақстан тауарларының Ресей және Беларус нарығына шығуы үшін техникалық стандарттар мен талаптардың бір жүйеде қолданылуы маңызды болып отыр. Мәселен, қазақстандық ет өнімдері үшін бүгінгі Ресей нарығы жабық деуге болады. Себебі бұл өнімдер ресейлік ветеринарлар қоятын талаптарға сай келмейді», деді вице-министр. Оның айтуынша, Ресей жыл сайын 560 мың тонна сиыр етін, 780 мың тонна тауық етін тарифтік квота шеңберінде 15 және 25 пайыз деңгейіндегі баж салығымен шетелдерден, атап айтқанда Бразилия, Аргентина, АҚШ-тан импорттап отыр.

«Осылайша қазақстандық тауар өндірушілер үшін өз нарығын кеңейту мүмкіндігі пайда болады. Бұл өз кезегінде жаңа өндірістерді дамытуға ықпалдасады деп сенеміз», деді Ж. Айтжанова.