Кедендік одаққа ену - ықпалдастықтағы кедергілерді жою дегенді білдіреді

ң 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Ағымдағы жылдан бастап ел экономикасы тағы бір жаңа кезеңге қарай қадам басқалы тұр. Қазақстанның ұлттық эконмикалық кеңістігі Еуразия аумағындағы Беларус, Ресей мемлекеттерімен бірігіп Кедендік одақ бойынша ықпалдасу кезеңіне өтуде. Әрине, сауда-экономикалық байланыс, кедергісіз тауар айналымын арттыру, негізгі өнімдер арасындағы бәсекелестік пен кедендік тарифтер мәселесін қоса алғанда, жаңадан қалыптасқан кедендік одақтың ұлттық экономикамызға тигізер әсері де әрқилы болатыны болжануда.
None
None


Қазақстан нарықтық экономиканы қалыптастырып, ашық сауданы жолға қойып үлгерген мемлекет. Тәуелсіздіктен бері қарай экономикадағы ықпалдастықты дамыту жолымен жүріп келеміз. Ендеше Кедендік одақ секілді саудалық-бірлестікке енгеннен кейінгі даму ел экономикасына, ішкі нарық парқына қаншалықты әсер етпек? Бүгінгі қоғам назарына алып отырған сауалдың бірі осы.

Бірқатар түрктанушы ғалымдардың келтірген деректеріне қарағанда қазіргі «таможня» сөзінің түп төркіні көне түркіден қалған атаулардың бірінен бастау алады екен. Яғни, бүгінгі қолданып жүрген сөзіміз баба тіліндегі «тамға салығы» деген мағынадан шыққан болса керек. «Тамға» сөзіне келетін болсақ, бұл көне түркі тілінде «таңба», «белгі», «нышан» дегенді білдіретіні, әсіресе ханның, билер мен ру басылардың белгілеріне қатысты айтылатыны анық. Осыған қарап, бірқатар зерттеушілердің «таможняны» «тамға салығы» немесе «әміршінің белгілеген салығы» дегеннен шыққанға келтіретіні, сол негізге сүйенетіні рас. Ал біз қолданып жүрген «кеден» сөзі бұл да көне түркінің «шекарадағы айтыс-тартыс» дегенін білдіреді екен. Қалай десек те байтақ қазақ даласында көне дәуірден бері қарай қаншама «таможнялардың», қаншама «кедендердің» болғанын тарих жоққа шығармайды. Қайта керісінше, батыс пен шығысты жалғастыратын құрлықтың ұлы кіндігінде орналасқан Қазақстан аумағында бұндай еларалық, халықаралық саудаға қатысты келісімдердің бірінші болып жүзеге аса бастағаны да ақиқат болса керек. Ұлы Жібек жолының гүлденуі де сол кезеңдегі белгілі бір шарттарға сүйеніп «тамға салықтарын» бекіту, кедендік баждарды келісіп белгілеу арқылы жүргізілгені шындық. Сондай салықтар арқылы шығыстан шыққан керуен көштері батыстың да сауда алаңдарын қыздырды, байланыстарды жаңғыртты. Осының өзі мемлекеттің қазынасын толтырып, ұлы далада өркениеттің, қалалардың, кедендердің дамуына үлкен сеп болды.

Жалпы кеден мәселесі тек шекара арқылы келетін сауданы ғана емес, елдің экономикалық қуатын арттыруға көп жәрдем болатын үлкен мәселе. Дүниежүзілік кеден ұйымының хатшылығын ұзақ жылдар бойы басқарған, былтыр марқұм болған Мишель Даненің: «Кеден - елдің экономикасының құлдырауына немесе одан сайын гүлдене түсуіне тікелей себепші бола алады», - деген сөзі бар екен. Шындығында, соңғы кездері ғаламдық ықпалдастықтың арта түсуі нәтижесінде кеден ісіне үлкен мән беріле бастағаны айқын. Халықаралық сауданы жандандыру мен сауда-саттық байланыстарының қауіпсіздігін төмедетуде жаңа стандарттар өмірге ене бастады. Виртуалды кедендер, жеңілдетілген кедендік рәсімдеулер мен үдерістер туралы да әңгіме айтылып жүр. Бұның барлығы кеденді, кедендегі кедергілерді жоюға бағытталуда. Өйткені бүгінгі күні халықаралық сауданы жандандырудың алғышарты ең алдымен кедендік кедергілерді жоюдан басталатыны айқын болып отыр. Сондықтан да Беларус, Қазақстан, Ресей арасындағы Кедендік одақты қалыптастыруды кедендік кедергілерді жою деп қарастырған орынды. Әлемдік тәжірибені алып қарасаңыз, көптеген одақтар, ұйымдар кеден мәселесін сауда айналымы үшін тежегіш қылмай, керісінше бұл бағыттағы оң рөл атқаратын құралға айналдыру қамында жүр.

Алдағы уақытта үш мемлекет арасындағы Кедендік одақтың ресми таныстырылымы Брюссельде өтеді деп күтілуде. Жалпы, әлемдік тәжірибеге үңілсек, дүниежүзінде 17 кедендік одақ қызмет етеді екен. Бірақ бұлардың құрылу түрлері де, саясаты да түрліше болып келеді. Бұл 17 кедендік ұйымның ішіндегі қазіргі таңдағы ең тиімді үлгісі ретінде Еуроодақтың кедендік ұйымы танылып отыр. Ал нақты экономикалық тұрғыдан алып қарағанда Беларус, Қазақстан, Ресей арасындағы бұндай ұйымның маңызы да зор. Мәселен, кейбір ресейлік сарапшылар Кедендік одақтың құрылу фактісінің өзі жақын жылдары осы аумақтағы жалпы ішкі өнімнің 400 млрд. долларға дейін арттыратыны туралы болжамдар жасайды.

«Кез келген теорияны, оның ішінде К. Маркстің ілімін қоса алып қарасаңыз, бұнда - шекарадағы кедергілер неғұрлым аз болса, соғұрлым өндіріс дамып, тұтынушылар үшін таңдау да көбейе түсетіні анық айтылады. Яғни, кедендік кедергілердің аз болуы мемлекеттің экономикасына, капиталдың қозғалысы, тауар мен қызметтердің жандануына, жұмыс күшінің толық болуына үлкен әсер береді. Бұл таза теория. Ал егер біздің жағдайымызды алып қарастырсақ, Қазақстан осы жылдар ішінде тікелей инвестицияны жақсы тарта алды. Тікелей инвестиция дегеніңіз экономиканы дамытудың негізгі қозғалтқышы. Егерде бүгінге дейін тартылған инвестиция 107 млрд. долларды құраса, оны жан басына шағып көрсек, Қазақстанның бұл мәселеде ең табысты мемлекетке айналғанына көз жеткіземіз. Бірақ, Қазақстан осы нәтижеге негізінен шикізатқа бай мемлекет ретінде қол жеткізгені белгілі. Ендігі біздің мақсатымыз шикізаттық емес секторға тікелей шетелдік инвестицияны тарту болып табылады. Ал ол үшін бізге тұтыну рыногының кең ауқымы қажет»,- дейді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев. Яғни, Қазақстан Кедендік одақ арқылы өзінің әу баста ұстанған ықпалдастық идеясын сатылап жүзеге асыратын болады. Осындай одақ арқылы Қазақстанның айналасындағы экономикалық кеңістік кеңейе түседі. Жұртшылық арасында бағаға қатысты да мәселе бар екендігі рас. Дегенмен, баға өздігінен көтерілмейтіні белгілі. Бұған ең алдымен кедендік тарифтердің де әсері болуы ықтимал. Бірақ, Үкімет бағаға қатысты саясатты мығым ұстауға бел бууда. Бір сөзбен айтқанда, баға өзгеруі соншалықты әсерлі болмауы шарт. Өйткені Кедендік одақ аясында үш ел арасында ешқандай да кедендік баж болмайды. Ендеше үш ел арасындағы тауарлардың бағасы орынсыз құбылмайды, қайта бұрынғыдан жеңіл келетін болғандықтан жағымды өзгеруі мүмкін. Ал үшінші елдерден келетін тауарлар бағасы, яғни кедендік одақтан тыс импорттарға қатысты барлық кедендік баж салығы бірыңғайланады. Яғни, бұл ретте Казақстанға Кедендік одақтан тыс үшінші елдерден импортталатын тауарлар бағасына қатысты құбылу орын алуы мүмкін.

Дегенмен, сарапшылар кейбір бағытта бағаның артуы орын алуы мүмкіндігін алға тартады. Мәселен, жұртшылық автокөлік бағасына қатысты алаңдаушылық білдіреді. Дегенмен, ресми зерттеулер қазіргі күннің өзінде қазақстандағы көлік бағасының орынсыз қымбат екендігін көрсетеді. Егер көлікке қатысты статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, 2007 жылы елімізге 300 мыңнан астам көлік әкелінген екен. Оның 70 пайызы ұсталған, ескірген көліктер. Бұлар негізінен Жапония мен Германия елдерінен жеткізіледі. Ал бұл көліктерге Қазақстан мен Ресейдің арасындағы кедендік баж салығының айырмашылығы 70 пайызға дейін жетеді. Яғни, Ресейде Қазақстанға қарағанда кедендік баж 70 пайызға артық. Ендеше бұндай автокөліктер Ресейге қарағанда Қазақстанда 70 пайызға дейін арзан болуы тиіс екен. Бірақ мұндай ұсталған, ескі, шетелден әкелінетін автокөліктердің бағасы Ресейде де, Қазақстанда да бірдей. Көлікке қатысты баға әділдігі қайда қалды?

«Бұл тұрғыда негізгі пайданы сатып алушылар емес, шетелден автокөлік тасымалдаушылар көріп отыр. Ұсталғанды былай қоя тұрып, жаңа автокөліктер саудасын алып қарасаңыз да жағдай солай. Оның үстіне жаңа автокөліктер саудасын екі-үш компания ғана монополияға айналдырып, бүкіл автонарықты осылар уыста ұстап отыр. Ал кедендік баж бойынша жаңа көліктерге қатысты айырмашылықты құрап отырған 20-30 пайыз табыс сол компаниялардың қалтасына құйылып, сатып алушы бұдан еш пайда көріп отырған жоқ. Айта кетерлігі, Кедендік одақ іске кіріскеннен бастап автонарыққа монополия құрған жаңағы компаниялар көлік бағасын орынсыз арттыруға талпынса, бұнымен тиісті органдар айналысуы тиіс. Қажет болса Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен прокуратура және құқық қорғау органдары осы мәселені мұқият зерделейді. Өйткені нарықта баға құбылмауы шарт. Тіпті баға құбылса да, ол тұтынушыға айтарлықтай сезілмеуі керек», - деді Ө. Шөкеев.

Тоқтала кететін жайт, биылдан бастап Кедендік одақ жұмысқа кірісті. Дегенмен, заңнамалық қамтамасыз етулер, сыртқы қорғаныстарды күшейту шаралары әлі де жалғасатын болады. Ал кеден мәселесінде Қазақстанның тарихтар бойы жинақтаған әрі бөлісе алатын тәжірибесі де мол. Ең бастысы, жаңа кеңістікке бейімделу, отандық кәсіпкерлерді де осыған бейімдей білу болып отыр.

Соңғы жаңалықтар