16:02, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
Кедендік төлемдер мен салықтардан бұлтару бойынша қозғалған қылмыстық істің сомасы 19 428 180 теңге болды.
АҚТАУ. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - 2008 жылы маңғыстаулық кеденшілер 22 қылмыстық іс қозғады. Оның 16-сы экономикалық контрабандаға қатысты болса, екеуі тыйым салынған заттар контрабандасы. Жалпы кедендік бақылау департаментінің құқық қорғау қызметінде қылмыстық істер саны 2007 жылмен салыстырғанда 10 іске азайған,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Маңғыстау облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Осы 22 қылмыстық істің бесеуі айыптау қорытындысымен сотқа жолданса, тағы 5 іс уақытша тоқтатылған. 2 іс бір өндіріске біріктіріліп, ОІІД-нің қосымша тергеуіне берілген. 3 іс тиісті аумағы бойынша жолданып, 2 іс тоқтатылған. 3 іс өндірістен алынып тасталды. Барлық істер бойынша тартылып алынған тауарлардың (валюта, көлік құралдары) жалпы сомасы 51 086 600 теңге құрады. Кедендік төлемдер мен салықтардан бұлтару бойынша қозғалған қылмыстық істің сомасы 19 428 180 теңге болды.Өткен жылы кеден қызметі бойынша заңсыз айналымнан 2,6045 гр. героин, 13,7420 гр. марихуана, 6,0034 гр. апиын алынған.